Кеңгір су қоймасын соңғы жылдары балдырлар басып барады

Арнайы зерттеу жүргізген Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары оның себебін су айдынындағы балықтың азаюымен байланыстырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан көлдегі балықты көбейту мақсатында шаралар қолға алынды. Бұл жолы алғаш ұйымдастырылған экологиялық акция аясында Қапшағайда өсірілген 370 мың сазан шабақтары жіберілді. Мамандар: «Сазан тұқымын таңдауымыз бекер емес», – дейді. Балықтың бұл түрі өсімтал және Жезқазған секілді климаты қатал өңірлерге төзімді келетін көрінеді.

Еркінбек Құматаев, «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Балқаш филиалының директоры:

- Білесіздер, бізде қыста суық, жаздың өзі оңтүстүстіктегідей емес. Сазан балығы мұнда жақсы бейімделіп өмір сүретіні зерттеулер нәтижесінде дәлелденген. Ұсыныстар бергенбіз. Сазан балығы нағыз өміршең болып табылады. Осы Кеңгір су қоймасының балық өсімталдығын көтеруге үлесін қосады.