Көкшетауда мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері марапатталды

Ақмола облысында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері марапатталды.

Көкшетауда өткен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты жастар форумында олар, қазақ тілін қалай меңгергендерін жұртшылықпен бөлісіп, мемлекеттік тілдің мәртебесі жайлы сөз қозғады. Айта кетейін, аталған іс-шара Республика күніне орай ұйымдастырылып отыр. 

Радмила Биғожанова қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан орыс қызы. Бірақ мемлекеттік тілді ол бала кезінен біледі. Жас маман қазір Есіл ауданына қарасты Игілік ауылының негізгі орта мектебінде педагог-психолог боп еңбек етеді. Айтуынша, қазақ тілін меңгеру – әрбір қазақстандықтың міндеті. 

Радмила Биғожанова, педагог-психолог:

- Әр түрлі сайыстарға қатыстым, тілдік. Мысалы, Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа оқу. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері деген сияқты. Қазақстанда тұрып жатқаннан кейін барлығымыз осы қазақ тілін білуіміз керек. Жалғыз мен ғана емес, бауырларым да бар, қазақша қазіргі кезде сөйлейді, барлығын жетік біледі

Радмиланың сөзін форум қатысушылары да қолдайды. Себебі олар да мемлекеттік тілді мейлінше жақсы меңгерген өзге ұлт өкілдері. Жастар өз болашағын тек қазақ тілімен байланыстырады. Әрі оны құрбы-құрдастарына насихаттайды. 

Виолетта Филиппенко, студент:

- Қазақ тілін өз ана тілімдей қабылдаймын. Достармен немесе басқа адамдармен ұлтым туралы сұрақтар туындаса, «рухым – қазақ» деп мақтанышпен жауап беремін. Өйткені, бұл, жәй айтыла салған сөз емес. Жүрегімнен шыққан сөздер. Мен осы ұлы халықтың тілін білетініме, түсінетініме және сөйлегеніме қуаныштымын.

Алтынай Әмренова, облыс әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдері аз емес. Оған бүгін бәріміз куәгер болып отырмыз. Халық қалаулылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Геннадий Шиповских пен Наталья Дементьева біздің жерлесіміз. Олар бұл мәселеде басқаларға үлгі болып жүр. 

Ақмола облысында қазір мемлекеттік тілді оқытатын 20 орталық жұмыс істейді. Одан бөлек 7 қазақ тілі клубы бар. Ал оларда жыл сайын 4 мыңнан астам адам білім алады. 

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный