Семейде жылу жүйелері тозып тұр

Семейдегі ұзындығы 315 шақырымды құрайтын жылу жүйесінің 62% ескірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны жыл сайын жамауға тырысқанымен ескінің аты ескі, жиі істен шығады. Бұл жағдай биылғы жылу маусымында да қайталанған.
Серік Төленбергенов, «Жылукоммунэнерго» МҚК директоры:
- Жылу жүйесі 6 ай бойы жақсы жұмыс істеді. Су толтырғанымыз сол еді, қатарынан 24 апатты жағдай тіркелді. Олқылықты жедел жоюға тырыстық. Қазір ақырындап жылу маусымын бастап жатқан жайымыз бар.

Дмитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:
- Әрине, «бәрі керемет» деп арқаны кеңге салуға болмас. Кеңес заманынан қалған қазандықтардың көпшілігі дер кезінде жөндеу көрмеген. Оның зардабын біз тартып жатырмыз. Алайда соңғы үш жылда қазандықтарды жаңғыртып, жөндеуге аз қаражат бөлінген жоқ. Сондықтан қазір алаңсыз жүрміз, биылғы жылу маусымында мәселе болмайды деп ойлаймын.

Алайда қаланы жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындағы жағдай облыс әкімі орынбасарының ойлағанындай болмай тұр. Мекеменің су мен көмірге қарызы бірнеше млрд теңгеге жетіп жығылған. Ал жалақы бойынша қарызы 300 млн теңгеге жуықтаған.

Дмитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:
-Олардың дебиторлық қарызы 3 млрд теңге шамасында. Бұл бір жылда қордаланған қаражат емес. Мәселен, кәсіпорын соңғы үш жыл бойы суға қаражат төлемеген. Бұл мәселені шешудің жолдары ойластырылып жатыр. Жаңа жылдан бастап қалалық бюджеттен 350 млн теңге бөлінеді. Жақында облыстық бюджеттен 200 млн теңге берілді. Қазір Үкіметте тағы 300 млн теңге бөлу мәселесі қарастырылуда. Бұл қаржының барлығы әуелі жалақы мен көмір бойынша қарызды жабуға жұмсалды.

Қазір кәсіпорынды экономикалық тұрғыда оңалту мәселесі пысықталып жатыр. Осы мақсатта 40 мың тоннадан астам көмір жеткізілген. Бұл жылдағы нормадан бірнеше есеге артық. Қаладағы ескі құбырлар мен қазандықты жаңғырту үшін 85 млрд теңге қаржы қажет. Ал «Семейге жаңа жылу орталығы қашан салынады?» деген сауалға Президенттің Абай облысына жұмыс сапарынан кейін нүкте қойылды. Жақында елордадан арнайы жұмыс тобы келіп, жылу орталығы салынатын орынды көрді. Жергілікті әкімдіктің болжамынша, 1–1,5 жыл көлемінде шаһарда жаңа жылу орталығы бой көтереді.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.