Теміртауда емхана мен спорт кешені ел игілігіне берілді

Сондай-ақ Қарағанды облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республика күні қарсаңында Теміртауда емхана мен спорт кешені ел игілігіне берілсе, кеншілер шаһарында аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығы салынған. Сондай-ақ бұл күні баспана кезегін күткен қаншама адам пәтер кілтін алып, қуанышқа кенелді. Ал ел дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек майталмандары мемлекеттік наградалармен марапатталды.  

Аутизм дертіне шалдыққан балалардың ата-аналары аймақ басшысымен болған әр кездесуде орталық салып беруді сұрап келген. Ақыры талап-тілектері орындалды. Жаңа нысан 700 балаға арналған, 20 кабинет жұмыс істейді. 

Жанна Ерікқызы, мұғалім-жаттықтырушы:

– «Аутизм – баршамызға бір әлем» бағдарламасы бойынша бізде 6 программа жұмыс жасайды. Әр бағдарламада бізде ата-аналар қосымша балалармен бірге сабақтарға кіріп үйренеді. Яғни бұл жерде тек қана баламен ғана емес, ата-ананы үйрету арқылы қоғамға жақындастыру біздің басты мақсатымыз болып табылады.

Мереке қарсаңында мәдениет саласының қызметкерлері де қуанышқа кенелді. Доскей ауылындағы бос тұрған үй жөнделіп, баспана кезегінде тұрған 40 адамға берілді. Жуық арада 100 пәтерлік тағы екі үй қалыпқа келтіріліп, мұқтаж жандарға үлестірілмек. Ал жыл соңына дейін өңірдегі 2 мың адам қоныс тойын тойлайды.

Жанар Рахманова, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының труппа меңгерушісі:

Екі балам бар. Екеуі де мектеп оқушылары. Олар да қуанып жатыр өз бөлмеміз болады, өз шаңырағымыз болады деп. Сондықтан өте шексіз ризамын. Бәріміз, біздің коллектив, мәдениет саласының адамдары кешеден бері риза болып, сенбей жатырмыз. Неше күн, кілтті алғанша түсіміз ба, өңіміз ба деп. Сондықтан бәріңізге рахмет. 

Бұл күні елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек майталмандары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сондай-ақ үш адам «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атанды.

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

– Қарағанды облысының тұрғындары да тәуелсіз елімізді одан әрі дамытуға лайықты үлес қосып келеді. Аймағымыз биылғы жылды да жақсы көрсеткіштермен аяқтайды деп сенеміз. Барлық салада өнім өндіру көлемі ұлғайды. Жоспарланған көрсеткіштер артығымен орындалып жатыр.

Кеш соңы мерекелік концертке ұласып, рухты әндер шырқалды.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар