Түркістан облысында әскери комиссариаттың жаңа ғимараты ашылды

Созақтағы қорғаныс істері бөлімі жаңа ғимаратқа кірді. Бұрынғы әскери комиссариат әбден ескірген еді.

Қазір бұл ауданда да күзгі әскерге шақыру науқаны басталған. Енді жаңа ғимараттан отан алындағы борышын өтеуге қанша сарбаз аттанады? Оны тілшіміз біліп қайтты. Тыңдайық. 

Жақында ғана пайдалануға берілген Созақ аудандық қорғаныс істері бөлімінің жаңа ғимараты екі қабаттан тұрады. Құрылысы былтыр күзде басталды. Нысан ішінде мамандарға жұмыс істеуге ыңғайлы болу үшін  20-дан аса бөлме қарастырылған. Жоба құны 152 млн теңге. 

Ерлан Манап, аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы:

- Жаңа заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жүз пайыз қамтылған. Жеке құрамы компьютерлік құралдармен жабдықталған. Қорғаныс министрінің бұйрығымен күзгі әскерге шақыруға берілген тапсырманы орындап жатырмыз.

Қазір мұнда аудан жастарын күзгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Болашақ сарбаздар алғашқы медициналық зерделеуден өтіп жүр. Күзгі әскерге шақыру науқанында Созақ ауданы бойынша 100-ден аса жас отан алдындағы борышын өтеуге барады деп жоспарлануда.  

Саясат Қалдәулет, әскерге шақырылушы:

- Менің әкем әскер қатарында 2 жыл қызмет еткен. Бұл маған үлгі болады. Менде осыған қызығып, өзім Қазақстан Республикасының қатарына қосылуға өз еркіммен келіп тұрмын. 

Әскер қатарына шақырылған жастармен кездескен қарулы күштердің ардагерлері оларға әскери өмірдің қызығы мен шыжығы, отан қорғаудың әрбір ер азаматқа парыз екенін түсіндірді. Қазір әлемде болып жатқан  геосаяси ахуал жастардың жаңа технологияларды меңгеру керектігін аңғартады. Себебі қазіргі қарулы қақтығыстар білектегі күшпен емес, технологияның дамуымен өлшенетінін жеткізді.

Ырзағұл Ратбек, ҚР Қарулы күштерінің ардагері:

- Бұл 21 ғасырдағы қателіктер деп есептейміз. Ол тек қана күшпен шешілетін нәрсе емес екенін, ол ғылым мен технологияға байланысты екенін жастарға тәрбие беруіміз керек. Олар дұрыс түсінуі керек соғыстың қаншалықты зардап әкелетінін. Ғылым-біліммен айналысқан елдің жеңіске жететінін біліп, бағалау керек деп есептеймін.

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара қызметінде әскери борышын өтеуге аттанып бара жатқан 20 жас сарбазға естелік сыйлық беріп, сәттілік тіледі. Бұл оларға ерік-жігер сыйлап, отан алдындағы борышын адал атқаруға септігін тигізбек.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш