Алматы Республика күніне арналған телекөпірге қосылды. LIVE

Бүгін Республика күніне орай «Хабар» арнасы мерекелік телекөпір өткізіп жатыр. Сағат 16.00-де басталған «Мегаполистер бірлігі» жобасы төрт сағатқа ұласады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандағы ең ірі үш қала: Астана, Алматы мен Шымкенттегі негізгі мерекелік бағдарлама тікелей эфирде көрерменге жол тартты. Үш шаһардың басты алаңдарында ұйымдастырылған думан кезінде елімізге танымал 150-ден астам әнші өнер көрсетпек. Ұлттық мереке – Республика күніне арналған концерт Алматыда да басталды. Тәуелсіздіктің алтын бесігі саналатын қаладағы телекөпір туралы арна тілшісі Аршын Кемелжан айтып берді.

Аршын Кемелжан, тілші:

– Тарихи шешім қабылданған «Астана» алаңы ғимаратының алдында сахна құрылып, концерт болып жатыр. Бір сағат бұрын басталған телекөпір әсем әнмен әрленіп, арасында қоғам қайраткерлері мен танымал адамдар көрермендерді ұлттық мерекемен құттықтап, тарихи сәт туралы естеліктерімен бөлісуде.

Айта кетейік, төрт сағатқа жоспарланған телекөпір «Хабар» арнасында көрсетіліп жатыр. Ал мерекелік шараны осы алаңға тамашалау үшін келген тұрғыдар өте көп.

Аршын Кемелжан, тілші:

– Бұл жерді демократиялық процесс басталған нысан деуге болады. Өйткені осыдан 32 жыл бұрын, яғни 1990 жылдың 25 қазанында менің артымда тұрған ғимараттың үлкен залында егемендік туралы декларация қабылданды. Тарихи құжатты дайындап, оны бекітуге 360 депутат қатысқан. Еліміздің тәуелсіздігіндегі алғашқы құжат, алғашқы қадам осы.