Қызылорда облысында Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығы тойланды

Республика күні мерекесі аясында Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығы мен «Алтын дән» мерекесі қатар атап өтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дүбірлі той аясында Жосалы кентінен балаларға арналған екі бірдей ойын алаңы мен демалыс саябағы ашылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, аймақтық ақындар айтысы және жыршы-жыраулар фестивалі ұйымдастырылды. 

Қармақшы ауданында биыл 8 ойын алаңын салу жоспарланған. Соның екеуі Жосалы кентінде пайдалануға берілді. Бұл жерде шағын футболмен қатар, үлкен-кішінің дене шынықтырумен де айналысуына мүмкіндік жасалған.

Сырғанағы бар, турнигі бар кішкентай балаларға дегендей, ең маған ұнағаны футбол алаңы.

Осы керемет алаң 2022 жыл Балалар жылына байланысты ашылып жатыр екен. Рақмет айтамыз. Себебі балалардың көңілін көтеру, яғни ең керемет әсер – балалардың күлкісі.

Ал Тайшық би көшесі толық абаттандырылды. Жарық шамдар мен орындықтар қойылып, тұрғындардың бір мезгіл серуендейтін саялы орнына айналды. Осы күні ауданда егін-терім науқаны да қорытындыланып, ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Нұрлан Құмшабаев, шаруа қожалығының төрағасы:

– Қауын, асқабақтарын әкелдік, картобын әкелдік, күріш өзіміздің өндірген. Жем әкеліп тұрмыз, шөп әкелдік. Бағасын түсіріп, халыққа тиімді бағалармен беріп тұрмыз енді.

Балгүл Жалғасбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:

– Берекелі молшылық, жан-жағымыздың бәрі өте жақсы көңіл күйде, ауа-райы да тамаша. Енді осы халықтың берекесі жалғаса берсін. Жалғасын таба берсін әрі қарай.

Мерекелік шаралар аясында Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылығы туралы зерттеулерге арналған 5 томдық кітаптың тұсауы кесілді. Одан әрі ақындар айтысы мен жыршы-жыраулар фестивалі қармақшылақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов