ШҚО-да темірден түйін түйген шебер 200-ге жуық киіз үй дайындаған

Ерлі-зайыпты Манарбек пен Әймен 2017 жылы Қайнар ауылына табан тіреген соң бірден түйе шаруашылығын қолға алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі осы кәсіппен Қытайда да айналысқан. Алғаш келгенде қолдағы ойсыл қара  10-нан аспаған. Қазір маң басқан маңғаз жануардың саны 40-қа жуықтаған. Жазда 50 литрге дейін шұбат алса, күзде күніне екі рет сауатынын айтады.   

Әймен Айдарханқызы, ауыл тұрғыны:

- Үйренген кәсібіміз – осы. Қыр-сырын білеміз. Жолдасым бұрын осы кәсіппен айналысқан. Халықтың сұранысы жақсы. Күнделікті сауған шұбатымызды күнделікті өткізіп жібереміз. Артық қалмайды. Ақырындап тойларға, қатымға тапсырыс беріп, алады.

Айсұлу Масалимова, Көгадай ауылының тұрғыны:

- Ол шұбатты алып өзіміз де ішеміз. Ұлттық дәмнің бірі ғой. Балаларым да, немерелерім де ішеді. Пандемия кезінде де алып іштік. Сол дерттің жойылуына әсер еткен сусындардың бірі деп ойлаймын. Сондықтан шұбат ішкен өте орынды.

Ал Қытайдан оралған тағы бір қандасымыз Ұланбек Тоқан киіз үй жасайды.  Темірден түйін түйген шебер  200-ге жуық киіз үй дайындаған. «Бір жылда 30-40 киіз үйге тапсырыс аламын.  Тек темірден жасаймын. Ұзаққа шыдайды» дейді шебер.

Ұланбек Тоқан, қолөнер шебері:

- Киіз үйлер алты қанаттан басталады. 12 қанатқа дейін барады. Бір киіз үйдің бағасы 5 метрлігі 380 мыңнан миллионға дейін барады. Өйткені, ішіндегі жиһаздары бар, әшекейлі ою-өрнегі бар.

Шебер бір үй киіз үйді жасауға 10 күндей уақытын жұмсайды. Ал оның қолынан шыққан дүниелерге сұраныс өте жоғары. Бүгінде Ұланбектің киіз үйлеріне ауыл, ауданды қойып, Атырау секілді алыстағы қалалардан тапсырыс түсе бастаған.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов