Патриоттық акцияға сырбойылықтар да үн қосты

Сырдария жағасында орналасқан Рәміздер алаңына жиналған 2000-ға жуық тұрғын мемлекеттік гимнді бірге шырқап, салтанатты түрде көк байрағымыздың көтерілгенін ерекше тебіреніспен тамашалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордада бастау алып, Сыр елінде қолдау тапқан патриоттық акцияға қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ жұртын осынау ұлық мерекемен құттықтады.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысының, Үкіметтің, өздеріңіздің қолдауларыңызбен мерейлі мерекеге біршама жақсы тартулармен жеттік. Мереке қарсаңында аймақтың бірқатар аудандары мен қала орталығында бірнеше әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар ел игілігіне берілді. Қасиеті мен киесі қатар қонған Сыр елі өркендеп, қарыштап дами бергей. Тәуелсіздігіміздің тұғыры нық, елдігіміздің еңсесі биік, халқымыз аман болғай. Республика күні ұлттық мереке барщамызға құтты болсын. 

Жиын барысында мемлекеттік органдарға жаңадан жұмысқа қабылданған жас мемлекеттік қызметшілер дүйім жұрт алдында салтанатты түрде ант берді.

Зәуре Атабаева, мемлекеттік қызметші:

- Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан айырықша сенім білдіру ретінде бағалап, Қазақстан халқы алдындағы биік жауапкершілікті сезіне отырып, елдің конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, халқыма адал да білікті қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін. 

Ержан Жақыпов,  мемлекеттік қызметші:

- Қазақ өзі уәдеге, антқа берік халықпыз. Алдағы уақытта антқа адал болып, еліміздің өсіп-өркендеуіне жұсмсаймын деп баршаңызды сендіргім келеді. Мемлекеттік рәміздер алаңында өз антымды бергеніме қуаныштымын. Еліміз көктеп-көгере берсін. Көк туымыз мәңгілікке желбірей берсін.  

Ұлттық мерекеге арналған жиын патриоттық әндер мен авто, мотошеруге ұласты.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев