Заң жобасы: жер актісі мен техпаспорт біріктіріледі

Жер телімін беруді цифрландыру аясында елімізде жер актісі мен техпаспорт жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты түрінде бір құжатқа біріктіріледі. Бұл жайында Цифрлық даму вице-министрі тиісті заң жобасын Мәжілісте талқылау барысында айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті тұрғындар жер алу үшін әкімдікке жүгінбей-ақ Электронды үкімет порталы арқылы өтініш білдіре алады. Ал әр өңірдегі бос жер телімдері туралы жан-жақты ақпарат бірыңғай платформада қолжетімді болады.

Әсет Тұрысов, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

– Жария кадастрлық картада құқықтық және жер кадастры жайындағы мәліметтер көрсетіледі. Жеке мәліметтерді сақтай отыра, нақты жер телімі бос немесе біреудің иелігінде екенін анықтауға болады. Жүйе екі кадастрды біріктіруді көздейді. Ал бізде қазір жерге мемлекеттік сатып алу және жылжымайтын мүлікке де жеке акт жасау қажет.