Телесериалды киноиндустрия ретінде қарастыратын уақыт жетті – Гүлнұр Мамасарипова

Біздің актерлер отандық сериалдарға түскісі келмейді. Себебі төленетін гонорар тым аз. «Astana media week -2022» алаңында бүгін «Сериал индустриясының жаңа кезеңі» тақырыбы төңірегінде диалог құрылды.

Телеарна басшылары мен режиссер, продюсер, сценаристердің басын қосқан жиында саладағы түйткілдер тізіліп, оны шешу жолдары ұсынылды.

Өнім өндірушілердің айтуынша, әлем елдерінде сериал қысқаметражды туындылардың қатарына кірмейді. Керісінше кәдімгі фильм ретінде қарастырылады. Ал бізде олай емес. Сәйкесінше, мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың көлемі де көңіл көншітпейді.

Гүлнұр Мамасарипова, режиссер:

 - Мысалы, мен сериал өндіруші ретінде санаты төмен қызметкерлермен арзан гонорарға жұмыс істегім келмейді. Мен білікті маманмен істегім келеді. Ал ол білікті маманның алдында бірнеше ұсыныс тұрады. Менің ұсынған қаламақымнан қаншама есе көп. Сондықтан менің ойымша, сериалды киноиндустрия ретінде қарастыратын уақыт жетті.