Ақмола облысында 3000 шақырымнан астам жолды қар басу қаупі бар

Қыс қыр астында. Қазір жол қызметі мамандары көктайғаққа қарсы жұмысты бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәлірек айтқанда, республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық операторы 400 өндірістік база мен қойманы және 125 жылыту пунктін дайындады. Жалпы қалың қар басу қаупі жоғары учаскелер анықталды. Оның жалпы ұзындығы 3 мың шақырымды құрап отыр. Осы ретте сала мамандары көлік жүргізушілеріне сапарға аттанар алдында темір тұлпарларының техникалық жай-күйіне баса назар аудару керек екенін ескертіп отыр.

Ләззат Стамғазиева, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми өкілі:

– Мәселен, күн райының бұзылуы мен ауа температурасының төмендеуіне байланысты жазғы шиналарын, қысқы шиналарға ауыстыруы керек. Жол қозғалысы ережелерін қатаң түрде сақтаған абзал. Көлікте қалың киім мен медициналық алғашқы көмек қорапшасы болуы керек. Штаттан тыс жағдай туындаса, республикалық автожолдарды пайдаланушылар «ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының бірыңғай тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 call-орталығына жүгіне алады.