Баланың көңілін табу оңай ма?

Баланың көңілін табу оңай ма?

Бауырына басқан баладан бас тартатындардың басым бөлігі – жетімді қамқорлығына алған туыстары екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ортақ себеп – бала мен жаңа отбасының арасында түсіністік жоқ. Көп жағдайда өтпелі жастағы балалардың мінез құлқындағы өзгерістер оның жаңа ортаға сіңісіп кетуіне кедергі болып жатады екен. Алайда, қорғаншылар да өз жауапкершілігін ұмытпауы керек, - дейді мамандар. Әкімдік өкілі асырап алған баласын жетімдер үйіне қайтарған қорғаншыларды жауапқа тартуды ұсынды.

Жанна Тасирова, қалалық Білім басқармасы қорғаншылық бөлімінің басшысы:

- Әкімшілік жауапқа тартсақ олар өздерінің ісіне кішкене жауапкершілікпен бұдан да кішкене ұлғайтып, жаңағы жолдарды іздейтін шығар баламен істейтін. Баламен оның жан дүниесін түсінуге тырысып, басқа да жолдар кітаптар оқып, сол балалармен тіл табыса ала ма деген жағдайда айтып отырмыз.

Асырап алған баладан жаңа отбасы ғана бас тартпайды, тәрбиеленушінің өзі де жетімдер үйіне қайтып оралуды қалаған жағдай да кездескен. Мәселен, бір қорғаншы асырап алған баласына көшеде қайыр тілеп, ақша табуды талап еткен. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, ондайларды жауапқа тартып, айыппұл салудан ештеңе ұтпаймыз дейді. Ең дұрысы – кәсіби отбасы институтын құру керек.

Аружан Саин,  ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Бізде өз баласынан бас тартқан биологиялық ата-аналар  жауапқа тартылмайды. Олай болса, жетім қалған баланы қамқорлығына алған туыстарын қалай жауапқа тартамыз? Меніңше жақын уақытта бұл мәселені шешеміз деп ойлаймын. Кәсіби отбасы институтын құру арқылы біз баланың өз ортасын табуына көмектесеміз. Әрі тиісті мамандар бала асырап алған отбасыларға қолдау көрсетеді, сондай-ақ, монитринг жүйесін де енгіземіз. 

Қазір елімізде 7500 отбасы бала асырап алу кезегінде тұр. Олардың көпшілігі оң солын танымаған, кішкентай сәбилерді бауырына басқысы келеді. Ал, 14 жастан асқан ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерді өсірсем дейтіндер аз. Сондықтан оларды отбасылық типтегі балалар ауылына орналастыру керек,-дейді Аружан Саин. Айта кетейік, кәсіби отбасы институтын құру туралы заң жобасы Үкімет қарауында жатыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон