«Astana Media Week» апталығы аяқталды

«Astana Media Week» апталығы аяқталды

Әлемнің 11 елінен келген медиа сарапшылардың басын біріктірген айтулы іс-шара Astana Media Week апталығы «Жаңа дәуір - жаңа медиа» жобасымен ерекшеленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Апта басы медиа саласындағы өзекті мәселелерді көтеретін бірегей іс-шараға толы болды. 150-ге жуық отандық және халықаралық спикерлер қатысқан айтулы шара қызу пікір алмасу мен пайдалы ақпараттарға толы болды.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Азаматтық журналистика мен мемлекеттік Бақ өкілдерімен бірге жақсы платформа ұсынуды жөн көрдік. Өйткені бұл мүмкіндіктер алаңы, идеялар алаңы. Осы үш күн ішінде көптеген пікірталастар болады. Бірінше рет біз газетті қосып отырмыз. Жалпы, медианың барлық саласын қамтуға тырыстық.

Биылғы шараның жеке медиа тақырыбы ретінде «Meta» талқыланды. Метаның дамуы БАҚ-қа қалай әсер етеді? Қазіргі медиа үшін оның қандай артықшылықтары бар? Бұл сұрақтарға еліміздің танымал саяси қайраткерлері және арнайы қонақ ретінде шақырылған Мeta әрі TikTok топтарының басты қатысушылары негізгі пленарлық отырыста жауап берді.

Айбек Теміров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басқарма басшысы:

- Еліміздің тұрғындары мен  аудиториясына бейімделген осы ват-сап, телеграмм, тик-ток желілерін қалай жүргіземіз?Оларды қалай пайдаланамыз? Қандай контент ұсына аламыз?Қандай бағыттар бере аламыз?Осылар медиа уикте талқыланады. Өйткені МЕТА әлемі ол жаңа бір құбылыс, жаңа бір әлем болып саналады.

Біздегі интернет тұтынушылардың 63 пайызы әлеуметтік желіні ақпарат алу үшін қолданады. Әсіресе 16-64 жас аралығындағылар. Media weekте «Метаға» мән берілуі содан. Байланысты нығайту мақсатында холдинг бізде өкілдік, ал ТикТок кеңсе ашатын болды.

Анастасия Панина, Шығыс еуропадағы  TikTok global business solutions директоры:

- Осы күзде біз Қазақстанда өз  кеңсемізді ашамыз. Және мемлекетпен жұмыс істеуге әзірміз. Тиктоктағы контент енді жеңіл ғана емес, пайдалы да болады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда ақпарат кеңістігінде медиа саласы қарыштап дамып жатыр. Соның дәлелі, енді ақпарат виртуалды форматта жасалып, виртуалды форматта тарайды, яғни жаңа буын вируталды ақпаратқа қол жеткізе алады.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Біздің балаларымыз екіге жарылған қос әлемнің ортасында жаңа виртуалды шынайылыққа үйреніп кеткен. Яғни олар – жаңа вируталды ақпаратты қорытуға дайын буын. Мәдениет, құндылықтар өзгеріп жатыр, сондықтан біз де ақырындап дайындықты бастадық.

Елдорданы дүбірге бөлеген Астана медиа уэйк апталығы да осылай мәресіне жетті.

Шара соңы Медиа саласының үздік мамандарын жетістіктері үшін «Үркер» сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімімен аяқталды.Өзіңнің жаңашылдықтарымен ерекшеленетін дәстүрлі медиа апталық енді келесі жылы өтеді.

Авторлары: Ерлан Шаншархан, Ерлан Оразғали