Ақтөбеде Димаш Құдайбергеннің көлемді портреті пайда болды

18 метрлік мурал орталық көшелердің біріндегі көпқабатты үй қабырғасына салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл әлемді мойындатқан таланттың туған қаласындағы екінші бейнесі. Поп-арт жанрындағы туынды барлық 9 қабатты қамтыған. Жалпы шаһарда биыл мұндай 10 мурал бейнеленуі тиіс. Суретшілер «Оқушы қыз», «Бейбітшілік» сияқты тақырыптағы жұмыстарды аяқтаған. Жыл соңына дейін тағы жеті жаңа шығарма тұрғындар мен қала қонақтарының назарына ұсынылады.

Айта кету керек, қаланы безендірудің бұл әдісі көпшіліктің көңілінен шыққан. Ақтөбеліктер, әсіресе, ескі аудандарға назар салып, ескірген үйлерге жаңа рең беру қажет дейді.

– Ақтөбенің мақтан тұтарлық адамы, Қазақстанның мақтан тұтарлық адамы. Неге оны танытып, мақтап, мадақ ретінде суретін салмасқа?

Бізге қатты ұнап жатыр. Жарқыраған түстері көздің жауын алады. Үйлерді де түрлендіріп, әр беріп тұр. Мұндай суреттер қажет ақ. Қаланы безендіріп тұр деп есептеймін.

Мына сурет негізі қалай басталды аяғына дейін көп адамдар бақылап отырды. Әдемі болған соң қуанасың. Өте қатты ұнайды.