Елордада «Жасыл технологиялар балалардың көзімен» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Елордада "Жасыл технологиялар балалардың көзімен" байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Бұл бәйге аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі жасөсіпірімдер түрлі экологиялық мәселені қамтитын жобалар әзірледі. 3 аталым бойынша өткен байқау балалар арасында экологияны қорғау қажеттілігін насихаттауға бағытталған.

Биылғы байқауға қатысқан әр бала ел экологиясындағы қандай да бір өзекті мәселені таңдап, соның төңірегінде зерттеу жүргізді. Оған шамамен 2 ай уақыт берілді. Бірі жасыл технологияларды дамыту тақырыбын қозғаса, басқасы табиғи апаттар бойынша ғылыми жоба әзірлеп үлгерді. Үздік нәтиже көрсеткендер елордаға келіп, тиісті марапатын алды. 

Нұргүл Күлбанова, байқау жеңімпазының жетекшісі:

- Бізде 20 жылдан асқан көл болатын тұғын. Көлдің тартылып қалу себебін басты мақсат қылып алдық. Қазіргі уақытта адам денсаулығына зиян тигізіп жатыр. Түрлі адамдардың ағзасына, денсаулығына көп зиян келтіріп жатқандықтан сол мәселені көтердік. 

Алғаш рет өткізілген байқауға 700-ден астам бала қатысты. Олар үздік экологиялық қолөнер, жасыл дубляж бен жасыл жоба аталымдары бойынша бағын сынап көрді. Конкурстық комиссия іріктеу жүргізіп, еліміздің түрлі өңірінен келген 18 қатысушының жұмысын үздік деп таныды. 

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Жеңімпаздар шеңберінен Астана қаласынан, СҚО, ШҚО, Маңғыстау, қалалардан да ауылдардан да балалар бар. Сол жағынан қарағанда практика жағынан жақсы конкурс болды деп ойламыз.

Аталмыш байқауға Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы бастамашы болды. Бәйге әлеуметтік желі беттерінде өткізілді. Әр қатысушы жұмысын өз парақшасында жариялап, арнайы хештегтер қоюға міндетті болды. Сайыс шарттарын толық орындап, бірегей жоба ұсынғандар жеңіске қол жеткізді.

Дариға Ташенова, Ақылбек Есімсейітов, Ернар Нысанбай