Ақтөбе облысында жемқорлардың қаржысына мектеп салынады

Ақтөбе облысында жемқорлардың қаржысына мектеп салынады

Ақтөбе облысында жемқорлардың төлеген өтемақысына мектеп салынатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жер қатынастары саласында әшкере болған екі қылмыстық іс бойынша 197 млн теңге көлеміндегі шығын өтелген. Бұл қаражаттың бір бөлігі, атап айтқанда 150 млн теңге Мұғалжар ауданындағы Құмжарған ауылының мектебі құрылысына жұмсалады. Білім ордасы үш жыл бұрын қолданысқа берілуі тиіс еді. Алайда мердігер жүктелген жұмысты атқармай, құрылысы тоқтап қалған. Қосымша қаражат бөлінген соң өзге компания іріктеліп алынып, ғимаратты жыл соңына дейін әзір ету міндеттелген. Ал, қылмыскерлер қайтарған қаржының қалған бөлігіне облыс орталығында ірі спорт алаңы салынады. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 51 лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлық бабымен қылмыстық жауапқа тартылған.

Дәурен Ерғарин, облыстық Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

- Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстар ол, біріншіден, жер қатынастары бойынша, екіншіден, полиция, үшіншіден, ол мемлекеттік сатып алу саласында. Жыл басынан бері 109 қылмыстық іс қозғалып, сыбайлас жемқорлық санатындағы 51 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.