Елде радиациялық онкология мамандары тапшы

Осы айдың соңына дейін онкологиялық көмекті жетілдірудің алдағы үш жылға арналған кешенді жоспары әзірленеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі өткен 9 айдың қорытындысы бойынша қатерлі ісікпен аурыратындар саны 4,6% артқан. Денсаулық сақтау министрлігі қатерлі аурумен күресудің бір бағыты ретінде радиологиялық және зертханалық-диагностикалық жабдықтарды жаңғыртуға көңіл бөлмек. Ал жаңа құрал-жабдықтар алынғанымен, оны басқарып, пайдалана алатын мамандар тапшы.

Қарағанды облысында жыл сайын 3,5 мың адамнан қатерлі ісік анықталады. Оларды емдеуге арналған 250 орындық аурухана бар. Онкологиялық диспансер – өмір мен өлім түйіскен жер. Сондықтан аурасы ауыр. Салдарынан қарапайым адам түгілі дәрігерлер де бұл бағытты таңдауға құмар емес. Ал Әріпбек Алтынбек болса өзін осы бағытта сынап көргісі келеді. 

Алтынбек Әріпбек, Қарағанды медициналық университетінің президенті:

- Қарағандыда басқа өңірлермен салыстырғанда мемлекеттік грант жоғары. Сондықтан мүмкіндік болды, тапсырып көрдік, енді грантпен осында оқып жатырмыз. Мен өзім бакалавр оқып жүргенде осы онкологияға қызығушылық арта бастады. Себебі жас мамандық тез өте қарқынды дамуда.

Қарқынды дамитын жөні бар, себебі онкология аурулары да жасарып келеді. Жолына тосқауыл болу үшін замануи құрал-жабдықтар керек. Жабдық алынар, бірақ оны меңгерген маман тапшы. Мысалы, Қарағанды медициналық университетінде жыл сайын 20-ға жуық онкологиялық маман қолына диплом алады. Бұл жалпы сұранысты қанағаттандырады. Бірақ радиоонкология мамандығында оқып жатқан 2-ақ резидент бар.

Ахат Бөкенов, ҚМУ Онкология және сәулелік диагностика кафедрасының профессоры:

- Грант жоқ, грант жетіспейді. Ол маман өте қажет, өйткені аурулар саны көбейіп жатыр, көбісі 65-70% сәуле тоғымен емделеді. Себебі көбі кеш келеді, диагноз кеш қойылады.

Найля Қабылдина, ҚМУ Онкология және сәулелік диагностика кафедрасының меңгерушісі:

- Радиациялық онкология – бұл аса жоғары біліктілікті қажет ететін еңбек. Мұнда аса қауіпті сәулелермен жұмыс істейсің. Сондықтан мұқият болу керек. Биыл негізі 4-5 резидентті осы мамандық бойынша оқытамыз деп жоспарлаған едік. Бірақ тек екеуін оқытып жатырмыз. Қазір бұл мәселелер әлі де шешіліп жатыр. Жаңа құрал-жабдықтар келсе оны үйренгісі келетіндер де көп болар еді.

Келер жылы облыстық онкологиялық диспансерге үш бірдей жаңа сәулемен емдейтін құрылғы алынады. Ол науқастарды сауықтыруға оң әсерін тигізуі тиіс. Ал қазір осында тұрған гамматерапиялық жабдықтың өзі 2005 жылғы. Моральдық тұрғыда ескірген. Қысқасы қатерлі ісікті емдеуге ең жақсы құрылғымен білімді кадрлар қашанда қажет болады. Оған дәлел 9 айда ауру көрсеткіші 4,6% өскенімен, өлім-жітім жағдайы 8,5% төмендеген.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар