Түркістан облысында каналды жауын суы бұзып кетті

Шымкентте толассыз жауған жауын салдарынан бірнеше үй мен әлеуметтік нысандардың ауласына су жайылды.

Құтқарушылар кешелі бері су сорып, жерді құрғатумен әлек болып жатыр.

Бұдан бөлек Түркістан облысындағы каналға су толып, бір бөлігін жырып кеткен. Соның салдарынан Зағамбар ауылында бірақтар нысанның ауласы көлкіп кеткен. Мамандар алдағы уақытта жауын тағы жаууы мүмкін екенін ескертеді.

Шымкентте толассыз жауған жауын салдарынан бірнеше тұрғын үйдің ауласын су басты. Республика даңғылындағы жер асты өткелі, Арғынбеков-Өтегенов көшелерінің қиылысы мен Желтоқсан, Көксай-3, Нұртас және Тұран шағын аудандарында жолға жаңбыр суы жайылды. Тұрғындар судың ортасында қалып, жүріп-тұрудан қалды. Құтқарушылар  біраз жерге қолдан бөгет жасап, суды басқа арнаға бұрды. Оған жеке құрамның 61 қызметкері мен 17  техника жұмылдырылды. Мотопомпалардың көмегімен 336 текше метр су шығарылды. 

Төреғали Үркінбаев, қалалық ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы:

- Департаменттің дағдарыс жағдайлар орталығына 15 хабарлама түсті. Оның 12 мекен-жайы бойынша жеке құрамы күнімен жұмыс атқарды.  Су шығару жұмыстарын жүргізді. Судың жолын бекіту, бөгет салу үшін 300 дана қап қойылды. 336 куб су шығарылды.

Ал Түркістан облысының таулы аудандарында нөсер жаңбыр шамадан тыс жауды. Әсіресе Төле би ауданы Зағамбар елді мекеніндегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың аулаларына су кірді. Себебі тау беткейінде орналасқан Боз каналына жаңбыр суы толып, бір беткейін бұзып кеткен. Соның салдарынан Зағамбар ауылындағы бір мектеп пен балабақшаның және 25 тұрғын үйдің ауласын су басты. 

Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Қазіргі таңда зардап шеккендер мен жарақат алғандар тіркелген жоқ. Алайда жаңбырдың ары қарай жаууы мүмкін болуына орай департаменттің және жергілікті атқарушы органның техникалары мен жеке құрамдары кезекшілікте тұр. Қазіргі таңда бұзылған Боз каналының беткейін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазір таулы аудандарда облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардардың жеке құрамдары мен 30-дан аса техникалары сақадай сай тұр. Егер қатты жауын жауған жағдайда артық судың алдын бөгеп, елді мекенді су басу қауіпінің алдын алады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш