Автобус апаты: 9 адам ауруханада жатыр

Алматыда болған автобус апатынан зардап шеккен 9 адам ауруханада жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бәрінің де жағдайы орташа, тұрақты. Бұл туралы бүгін қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Зардап шеккендердің арасында тоғыз жасар бала бар. Ол жабық бас сүйек-ми зақымы, мидың шайқалуы диагнозымен балалар, жедел медициналық жәрдем орталығының нейро-хирургиялық бөлімшесіне жатқызылды. Апат орнынан жедел жәрдеммен жеткізілгендер медициналық көмектен кейін, тұр-ғылықты жері бойынша амбулаторлық емдеуге жіберілді. Айта кетейік, екі қоғамдық көліктің соқтығысуынан 21 адам зардап шекті. Бір жаяу жүргінші қаза тапты. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Салтанат Әзірбек, Алматы қ. ПД ресми өкілі:

- Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы дерегін тексеріп жатқан Алматы қалалық ПД анықтау Басқармасы мәліметінше, СКЛ:  «МАЗ-203069» қоғамдық көлігінің жүргізушісі 1987 жылы туған А. есімді азамат, Абылай хан даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып, Төле би даңғылының қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетіп, Төле би даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан «GOLDEN DRAGON XML6125CN» маркалы қоғамдық көлікпен соқтығысқан. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды.