Жезқазғанда 30-дан астам ескірген көпқабатты тұрғын үйлер сүріліп, жаңасы салынады

Жезқазғанда 30-дан астам ескірген көпқабатты тұрғын үйлер сүріліп, жаңасы салынады

Жезқазған қаласында 2026 жылға дейін 130-дан астам ескірген көпқабатты тұрғын үйлер сүріліп, орнына жаңасы салынатын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба Ұлытау облысын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары мен реновация бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады. Бүгінде Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында 46 көпқабатты үй апатты деп танылған. Әзірге оның 25-сі бойынша тұрғындарды жаңа үйлерге көшіру жұмыстары жүріп жатыр.

Зейнеткер Күлпаш Қожабаеваның баспанасы 5 жыл бұрын апатты деп танылған. Іргетасы шөгіп, қабырғасы қақырап тұрған қос қабатты ағаш үйде бүгінде небары екі отбасы тұрады. Өзгелері әлдеқашан пәтер жалдап кеткен.

Күлпаш Қожабаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- 4-5 жылдан бері осындай апатты. Құлайын деп тұр. Мына жағындағы үйде бір апа жалдап тұрды. Бәрі құлап жатыр. Ол тұра алмай басқа жерге жалдап кетті. Осында 2-ақ отбасы тұрамыз.

Реновация бағдарламасы Жезқазғанда екі жыл бұрын қолға алына бастаған. Осы аралықта 9 үйдің тұрғындары  жаңа баспанаға ие болды. Баспанадан бас тартқан азаматтарға пәтер құнына тең өтемақы берілген.

Алиса Сағымбаева, Жезқазған қаласы Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- 21 жылдан бастап осы күнге дейін 25 апатты үйдің тұрғындарын көшіріп жатырмыз. Қазіргі таңда үйлердің көбісі пәтерлердің тұрғындары 137 адам өздерінің өтемақысын алды. Ол нарықтағы бағаның құнымен берілген ақша болды. 943 млн теңге алды.

Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында салынғанына 60 жылдан асқан 400-ден астам мынадай ағаш үйлер бар. Олардың барлығы мүмкіндігіне қарай кешенді даму жоспары шеңберінде біртіндеп жаңартылатын болады.

Ұлан Ермеков, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

- Кешенді жоспарға сәйкес міне өздеріңіз көріп отырғандай, бізде жаңағыдай апатты үйлер бар, ағаш үйлер бар, соларды реновация бағдарламасы арқылы орындарына бұзып жаңа үйлер салу жоспарланған. Осы үйдің тұрғындарына сол үйдің аумағындай 1-2 бөлмелі үй беріледі застройщиктермен. Немесе нарық бағасымен келісім бойынша конпенсация берілетін болады.

Облысқа қарасты қалалар мен кенттерде апатты үйлерден бөлек қараусыз қалған бос үйлер де жеткілікті. Оларды да сүріп тастап, орнына жаңа үйлер салу жоспарда бар. Қазір бұл бағытта инвестор тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев