ҚТЖ биылғы маусымда көмір жеткізу жоспарын артығымен орындады

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы биылғы маусымда көмір жеткізу жоспарын 102 % - ке орындады.

Жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері темір жол арқылы өңірлерге 35 миллион тоннаға жуық қатты отын тасымалданған. Біздің әріптестер бүгін өңірлердің көмір қоймаларында болып, ондағы жағдаймен жіті танысып келген болатын.

Қарағандының ең ірі көмір сату орындарының бірі бұл. Мұнда сұранысқа сай тәулігіне 7-ден 28 вагон аралығында көмір жеткізіледі. Стратегиялық қор жеткілікті. Қара алтын сату мерзімінің қызған уақыты өткен, сондықтан аса бір дүрлігу байқалмайды.  Қазір осы жерден ең жақсы деген Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 11 850 теңгеден шығарылады.

-Көмір сапасы жақсы. 1 сағат болды келгеніме. Міне машиналар кіріп жатыр. Кезекпен как положенно.  Күніне екі рет болады кейде. 

Владимир Крылов, көмір қоймасының басшысы:

- Күніне 120-ға жуық көлік келіп көмір артып алады. 4 тиегіш бар, еш қиындықсыз артып беріп, үлгеріп жатыр. Дүрлігіп жатқан жұрт жоқ, бәріне жетеді. Керек болса екінші таразыны да іске қосамыз. Бірақ ондай қажеттілік болған жоқ. Көмір күн сайын жеткізіліп жатыр.  Қазір осында 4 мың тонна көмір бар.  

Ал Ақмола облысында жалпы көмірге деген қажеттілік 1 млн 321 мың тоннаны құрайды. Бюджеттік және коммуналдық салаға көмір кесте бойынша жеткізіліп жатыр. Бүгінгі таңда көмірдің 2-айлық нормасы бар. Жеке сектор тұрғындары аламын десе де еш кедергі жоқ. 

Тұрар Исатай, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Қазір қандай да бір дүрбелең немесе ұзынсонар кезек жоқ. Келіп емін-еркін алып жатырмыз. Таңертең келдім де біраз уақыт ғана тұрдым. Одан соң бірден көлікке тиеп берді. 

Жалпы қазіргі уақытта ҚТЖ компаниясы көмір тиеу жоспарын 102 процентке орындаған. Жылыту маусымына дайындық басталғаннан бастап темір жолмен 35 млн тоннаға жуық көмір тасымалданған.  Компания тасымал жұмыстарын ерекше назарда ұстап отырғанын айтады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Дамир Берікұлы. Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар