Павлодар іргесіндегі кент тұрғындарының мәселелері шешімін тауып келеді

Павлодар қаласының іргесіндегі Ленин кентінің тұрғындарын алаңдатқан мәселелер шешімін тауып келеді. Жылдар бойы халықтың бас ауруына айналған бес қабатты үй жөндеуден өтті. Нысанның инженерлік коммуникациялары мен қазандығы да жаңартылды.

Сондай-ақ аумағы абаттандырылды. Пәтерлер еліміздің Оңтүстігінен қоныс аударған азаматтарға үлестірілді.

Айнагүл Азина Ленин кентіне өткен жылы көшіп келген. Жергілікті билік пәтер де ұсынды. Бірақ, көңілі су сепкендей басылды. Себебі, баспана суық болып шықты. Балалары ауырып қалмас үшін жылытқыштарды қосуға мәжбүр болды. Бұл күндер де артта қалды. 

Айнагүл Азина, Ленин кентінің тұрғыны:

– Тоңдыңдар ма, не болып жатырсыңдар, біз тоңған кезде бұл кісілер бізбен бірге шырылдап жүрді. Биыл енді үйіміз ыстық, арасында пешті азайтыңдар деп айтамыз ба деп қалжыңдап қоямыз.

Өткен жылу маусымы жергілікті билік үшін сабақ болды. Атқамінерлер көпқабатты үйді жаңарту жобасын әзірлеп, сөзден іске кірісті. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазандық қалыпқа келтірілді. 

Айнұр Жақсылық, Ленин кентінің тұрғыны:

– Былтыр суық болды. Кейін жөндеу жасады, сыртын қаптады. Жақсы, күшті. Жақсы, тұруға болды.

Жылу мәселесін түбегейлі шешу үшін жертөледегі су құбырлары толық ауыстырылды. Кәріз жүйесі де реттелді. Бір сөзбен айтқанда, 30 жыл бойы тұралап қалған нысан қалыпқа келтірілді. 

Маржан Алшымбаева, Ленин кентінің әкімі:

- Жаңа қазандық орнатылды. Блокты-модульді қазандық іске қосылды. Ең бастысы, халық тоңбайтын болды. Үйлер жылы. Су, кәріз жүйесі кедергісіз жұмыс істеп тұр. Көп қабатты үйдің айналасын абаттандыруға да қаржы бөлінді.

Үйдің ауласы адам танымастай өзгерді. Асфальт төселіп, балалар ойын алаңы пайда болды. Алдағы уақытта жаттығу құралдары да орнатылмақ.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат