Бүгін – Ұлттық валюта күні

Осыдан 29 жыл бұрын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңге айналымға енгізілді.

Ал 1997 жылы 15 қараша Ұлттық валюта күні болып белгіленді. Қылқалам шеберлері Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов төл теңгемізді ұлттық нақыштағы өрнектермен безендірді. Тарихи тұлғалардың портреттері бейнеленді. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай Аронұлының және 5 теңгеге күйші Құрманғазы Сағырбайұлының портреті салынды. Он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды. Алғашқы ақшамыз Лондондағы белгілі фабрикада шығарылды. Қазір төл теңгеміз Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында және Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.