Алматыда шамамен әрбір 12-ші сәби мерзімінен бұрын дүниеге келеді

Алматыда шамамен әрбір 12-ші сәби мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Бұл — ресми статистика, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарында дене салмағы бар болғаны 500 грамм нәрестелер де кездеседі. Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде олардың 70-80% аман алып қалуға мүмкіндік бар. Бұған медицинадағы жаңа технологиялардың арқасында қол жетіп отыр.

Бүгін Халықаралық шала туған нәрестелер күніне орай  қаладағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында шала туған балалар мен ата-аналар бас қосып, артта қалған қиындармен бөлісіп, дәрігерлерге алғыс айтты.

Ораз Әміржан 680 грамм салмақпен өмірге келген. Қазір ол 1 жаста. «Қатарластарынан салмағы аз болғанымен, дамуында еш ауытқу жоқ», - деп қуанады анасы. Жүктіліктің 24 аптасында Айгүлдің қан қысымы бірден көтеріліп, дәрігерлер мерзімінен ерте босандырып алған. «Жансақтау бөлімі мен палатаның арасында өткен ауыр күндер артта қалды», — дейді ол.

Айгүл Жүрсінбекқызы, Ораз Әміржанның анасы:

- Баламның салмағы 680 грамм. Жан сақтау бөлімінде 2,5 айдай болдық. Дәрігерлерге алғысым шексіз, өте қуаныштымын. Осындай дәрежеге жеткізіп, ұлымды қолыма бергеніне рақмет. Мұндай баланы жетілдіру қиын. Аллаға шүкір, өсіп келеміз.

Жалпы жүктіліктің 37 аптасына дейін өмірге келген сәбилер шала туған болып есептеледі. Олардың қатарында дене салмағы 500 грамм болып дүниеге келетіндер де бар. Мұндай шараналар жансақтау бөлімінде арнайы кувезге салынады. 2-3 ай бойы сәби ана құрсағының температурасымен пара-пар, ылғалдылығы жоғары ортада жетіледі. «Шалабайларды күтіп-бағуда жаңа технологиялардан бөлек, анасының әсері басым», — дейді дәрігерлер.  

Елена Плужникова, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

- Бұл монитордағы көрсеткіштерден анық байқалады. Анасы әлі бөлімшеге кірген жоқ, бірақ баланың жүрек соғысы жиілеп, басқа да көрсеткіштері өзгере бастайды. Артынша анасы да келеді. Демек кіндігі кесілсе де бала мен ананың арасында байланыс үзілмейді. Сол үшін біз анасына әр үш сағат сайын жансақтау бөліміне келіп, баланы тамақтандыруына рұқсат береміз.

Жыл сайын Алматыда 5 мыңға жуық бала мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Олардың 250-ден астамының салмағы 1 келіден аспайтын болып туылады. Дегенмен шала туған балаларды күту, емдеу мен оңалтудың заманауи әдістерінің арқасында олар дамуы бойынша 1,5-2 жасқа дейін өз қатарластарын қуып жетеді. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев