Елордада өртке оранған көппәтерлі үйдің тұрғындарын құтқарған өрт сөндірушінің жағдайы ауыр

Елордада өртке оранған көппәтерлі үйдің тұрғындарын аман алып қалуға тырысқан өртсөндіруші қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Асқар Забикуллин тұрғын үйдегі тілсіз жаумен күрес кезінде бірнеше адамды сыртқа шығару үшін оттың ортасына кірген. 11-ші қабаттағы пәтерге терезе арқылы ену үшін ол қызметтік киімін шешуге мәжбүр болды. Десе де іште қалған адамның бәрін аман алып шықты. Тек батырдың өзін күйік шалып, қазір ауыр жағдайда ауруханада жатыр.

 «Өз үйім-өлең төсегім». Қабырғаға ілінген бұл жазу да қара түтіннің астында қалды. Үйдің қазіргі күйі үрей туғызады. Тұрғындар да әбден қорқып қалған. Тілдесуге мұршалары жоқ. «Тек 11 қабатта тұтанған өрт жалынын ауыздықтау қиын болғанын көзбен көрдік», — дейді олар. Себебі үйге есік арқылы кіру мүмкін болмаған. От жалыны жан-жақты аяусыз шарпып жатты. Ал сол пәтердің қорғаусыз қалған бірнеше адам бар еді.

Оқыс оқиғада жылдам қимылдаған өрт сөндіршуілер 12 қабатқа көтеріліп, балкон арқылы төменгі қабаттың терезіне түседі. Десе де оттан қорғайтын арнайы киім аядай терезеге кіруге мүмкіндік бермеді. Сол кезде өрт сөндіруші Асқар Забикулин үстіндегісін шешіп, жалаң денемен отқа кірді. 5 адамды құтқарды. Ең жасы түтіннен жасырынған 10 жастағы бүлдіршін болса, үлкені 80-ге таяған қарт әжей.

 Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Өрт сөндіруші арнайы киімді амалсыз шешіп, басын бәйгеге тікті. Бірнеше адамды құтқарып қалды. Бірақ, өз денесінің 80% күйік шалды. Қазір жағдайды бағамдау үшін қызметтік тексеріс жүргізіп жатырмыз. Зардап шеккен қызметкерлеріміздің жағдайы да толық бақылауда. Дәрігерлермен де байланыстамыз. Жақын арада сауығып кетеді деп үміттенемін.

 Өрт сөндіруші 3-дәрежелі күйік алған. Жағдайы өте ауыр. «Оқыс оқиға кезінде тағы бір өрт сөндіруші Аян Кемпіров та дәрігерлер емін қабылдап жатыр, оның жағдайы орташа», — дейді дәрігерлер. Кешегі оқиғада барлығы бес адам құтқарылып, он адам қауіпсіз жерге көшірілді. Хабар агенттігі батырдың айығып кетуіне тілектестігін білдіреді.