Қызылордада жаңадан өрт сөндіру бөлімі салынады

Құтқарушылардың автопаркі жаңаланып, еңбекақылары өседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайлар минстрі Юрий Ильин мәлімдеді. Ведомство басшысы салаға қатысты бірқатар нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындармен де кездесті. 

Төтенше жағдайлар министрі өңірге сапарын 112 біріңғай диспечерлік қызметімен танысудан бастады. Бұл пилоттық жоба осыдан 4 жыл бұрын ең алғаш болып Қызылорда облысында қолға алынған.

Оңдасын Өтеубаев, «Жедел әрекет ету орталығы» КММ директоры:

- Қазақстанның барлық аймағында жасалып жатқан бұл жобаның өзінің ережесі, регламенттері дайындалып жатыр. Осы ережелерде мамандардың қалай дайындалуы бекітіледі.

Министр күрделі жөндеуден өтіп жатқан Қызылорда су торабына да барды. Стратегиялық маңызы бар гидронысан Сырдария өзенінің ағынын реттеп, 370 мың гектардай суармалы, жайылымдық және шабындық жерлерді тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Мұнан соң Юрий Ильин жедел құтқару жасағының базасына барып, құтқарушылармен әңгімелесті. Авариялық құтқару жабдықтары мен техникалардың жағдайын бағамдады. 

 Әбділда Баекеев, Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің бастығы:

- Ұсыныс ретінде бізде қазіргі таңда сүнгуір киімдері бойынша жеке құрамды тасымалдайтын автокөліктер бойынша ұсыныстар айттық.

Әлеуметтік қорғау және еңбекақының аздығы. Құтқарушылардың материалдық-техникалық базасын жаңарту. Төтенше жағдайлар министрі тұрғындармен кездесуде осы сұрақтарға нақты жауап берді.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Жалақыны көтеру бойынша минстрліктермен жұмыс жүргізілуде, тиісті есептеулер ұсынылды. Ең алдымен қатардағы өрт сөндіруші-құтқарушылардың еңбекақасын 10%-тен 70% дейін көтеру жоспарланып отыр.

Кездесу барысында Қызылорда қаласынан келесі жылы жаңа өрт сөндіру бөлімшесі салынатыны айтылды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов