Соғым маусымында ет қымбаттады

Ақмола облысында соғымның науқаны басталды. Бірақ бұрынғыдай жаппай мал сойып жатқан адам аз. Себебі төрт түлік қымбаттаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жылқының бағасы тіпті жоғары. Дегенмен қазақ ет жемей отыра алмайды. Соғымға қазір көбіне қандай малды сояды?

Көкшетау қаласының іргесіндегі Садовый ауылында тұратын Бейсенбек Зинатбек соғым сою жылдан жылға қиындап бара жатқанын айтады. Сөзіне сенсек, қорасында малы бар адамдардың өзіне қазір тұтас бір басты сойып алу оңай емес. Себебі қалтаны қағады. 

Бейсенбек Зинатбек, Садовый ауылының тұрғыны:

- Бұрын мысалы, тайлар 250 мыңның маңайында болса, биыл 350-400-ге дейін барып жатыр. Сосын оған шама келмегеннен кейін міне, сиыр сойып жатырмыз. Қазақ негізі жылқы жеп, жылқымен жүрген халық қой. Қол жетпей бара жатыр жылдан жылға. Сол міне, көп отырғандай биылғы соғым сиыр боп жатыр.

Бірақ сол ірі қараның өзін қолы жеткен сояды. Себебі ауылда көтерме бағада бір сиырдың тұтас еті келісіне 2 мың теңгеден болғанымен, базардағы баға одан кемінде 600 теңгеге қымбат. Ал орта есеппен 150-200 келі ет беретін малды толық сатып ала салуға екінің бірінің шамасы келмейтінін ескерсек, жұрт қалтасына қарай базар жағалайтыны даусыз. Бірақ мұнда да қазір соғымға деген сұраныс төмендеген.

Бақыт Сәтпаева, сатушы:

- Сатып алатын кісілер өте аз. Қарызға сұрайды. Біз енді осы тұрғылықты болған соң, көп кісілерді білеміз. Сондықтан көбіне қарызға береміз. Қазір санап алады. Бұрын 20-30 келі алса, ол кісілер қазір 5-6 килограмм, 7 кг, кішкене-кішкене алады.

Өйткені көктемде ғана 3 мың теңгеден болған жылқы еті қазір базарда 3500 теңгеден сатылып жатыр. Ал 20 жылдан бері қасапшылықпен айналысатын Еркін Әбдрахманов: «Етті фермерлердің өзінен тікелей көтерме бағада көптеп сатып алған әлдеқайда тиімді», – деп отыр.

Еркін Әбдрахманов, қасапшы:

- Базарларда мысалы, еттің бағасын 3500-ден сатып алсаң, ал, мына жерде тұтас алсаң, онда шамамен 2700-2800 теңгеден шығып тұрады. Көбі түсінбейді. Қашан да болсын весамен қымбаттырақ шығады. Ал былай жалпылай алса, онда арзандау түседі.

Ал малдың бағасы алдағы уақытта қымбаттамаса, арзандамайтын секілді. Себебі, қыстың қақаған аязында төрт түлікті қорада ұстау шаруаларға оңай емес. Өйткені жем-шөп қымбат, күтімі де күшті. Сондықтан мал ұстайтындар да жылдан жылға азайып барады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный