Ауыл тұрғындары сайлауға белсенді қатысып жатыр – Атырау облысы

Атырау облысында 261 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Ауыл тұрғындары да саяси науқанда белсенділік танытуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атырау облысы Махамбет ауданының орталығынан тікелей эфирге қосылған Асланбек Шығыр өңірдегі сайлау науқанына тоқталды.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Біз қазір Атырау облысы Махамбет ауданының орталығындағы Мәдениет үйінде орналасқан №215 сайлау учаскесінен тікелей байланысқа шығып тұрмыз. Мұнда 1132 тұрғын өз таңдауын жасайды деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 700-ге жуық адам дауыс беріпті. Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың мекен-жайына дауыс беру жәшігі тасымалданып жатыр. Жалпы ауыл халқының сайлауға белсенділігі жөнінде осы біз тұрған сайлау учаскесінің комиссия төрайымы айтсын.

Тойған Сариева, Махамбет аудандық №215 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:

– Аудан тұрғындары сайлауға бір кісідей қатысып жатыр. Ерекше дауыс беруші биылғы жылы 2004 жылы туған жастар ең алғашқы 18 жасқа толып, ең алғашқы даусын беріп жатыр. Ол жас азаматтар да таңертең ерте келіп, бір ауыздан дауыс берді. Дәл қазіргі уақытта 634 сайлаушы дауыс беріп болды.

Мұнайлы өңірде 261 сайлау учаскесі өз жұмысын атқарып жатыр. 1966 сайлау комиссиясы бар. Вахталық режиммен жұмыс істейтін жұмысшылар да өз таңдауларын жасап жатыр. Теңіз кенішінің өзінде 14 мың азамат дауыс береді деп жоспарланған.