Жетісу облысында ғасыр жасаған қариялар дауыс берді. LIVE

Жетісу облысында бүгін жасы жүзге жеткен оншақты ғасыр куәгері дауыс берді. Көнекөз қариялар өз таңдауын жасап қана қоймай ел жұртқа ақ батасын арнады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақжарма тілекті өңірдегі меншікті тілшіміз Шыңғыс Қалиден де тыңдап қайтты.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

– Жетісу облысындағы ардагерлерінің үйіне жергілікті сайлау комиссиясы өкілдері арнайы барды. Ең бірінші болып Еңбекші ауылдық округінде тұратын 100 жастағы Мануар Тесебаева дауыс берді. Көпті көрген көнекөз кейуана екінші дүниежүзлік соғыс кезінде Қарағандыдағы шахтада бұрғылаушы болып ауыр жұмыс атқарған. Сонымен қатар Сарқан ауданындағы соғыс ардагері де өз таңдауын жасады. 98 жастағы Берлібек Ысқақұлы небәрі 17 жасында әскер қатарына шақырылыпты.Ол батыстағы соғысты бастан өткеріп, қиыр шығыстағы қанқұйлы оқиғалардың куәгері. Қарт майдангер жұртшылыққа арнап ақ батасын берді.

САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ 70 ПРОЦЕНТТЕН АСТАМЫ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Президент сайлауына ауыл халқы белсенді атсалысып жатыр. Мәселен, мына біз тұрған Балпық би ауылындағы нөмірі 656-сайлау учаскесінде 1200 ден астам сайлаушы тіркелген. Олардың басым бөлігі түске дейін дауыс беріп үлгерді. Ал облыс бойынша айтатын болсақ өңірдегі электораттың 70 проценттен астамы өз таңдауын жасады.

Тимур Дәуітов, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Сайлаушылар тізіміне 445 мыңнан астам адам енгізілді. Дауыс беру барысын он халықаралық 400 ден астам қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары сондай ақ БАҚ өкілдері бақылап өз жұмысын жүргізіп жатыр.

Сайлаудың аяқталуына санаулы сағаттар қалды. Кешкі сегізде өңірдегі 440 аса учаске жабылып, дауыс беру нәтижесі есептеле бастайды.