Саяси науқанға ел азаматтары белсенді қатысты

Өңірлерде өз таңдауын жасаған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Оның ішінде ғасыр жасаған әжеден бастап, 10 келінімен сайлауға келіп дауыс беріп жатқан отбасылар да болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саяси науқанға ел азаматтары белсенді қатысты. Мәселен, Ақтау гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің 7 мыңға жуық жауынгері өз таңдауын жасады. Сарбаздардың басым көпшілігі алғаш рет дауыс берді.

Дінмұхамбет Әзберген, қатардағы жауынгер:

Кезектен тыс Президенттік сайлауына қатысып, өз дауысымызды бердік. Бүгін біздің еліміз үшін тарихи күн. Себебі, еліміздің болашағы әрбір қазақстандық берген дауысына байланысты болады. Тәуелсіз еліміздің жарқын келешегіне сенеміз.

ҒАСЫР ЖАСАҒАН ӘЖЕ ДАУЫС БЕРДІ

АлЖетісу облысының Еңбекші ауылдық округінде алғашқылардың бірі болып ғасыр жасаған әже дауыс берді. Мануар Тесебаева 100 жаста. Ол екінші дүниежүзлік соғыс кезінде Қарағандыдағы шахталардың бірінде бұрғылаушы болып ауыр жұмыс атқарған. «Еңбек қызыл ту» орденінің иегері 9 баланы дүниеге әкеліп, 28 немере 25 шөбере сүйіп отыр.

Мануар Тесебаева, Көксу ауданының тұрғыны:

Қазақстанның болашағы мол, көп жақсы болсын. Қазақстанның болашағына қосыламын.

ТАРАЗ ШАҺАРЫНДАҒЫ САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНЕ ЖАСТАР КӨП КЕЛДІ

Солардың қатарында егіздер Нұрбол мен Ербол да бар. Екеуі де – студент, болашақ ІТ маманы. Олар егіз болғанымен әрқайсысы өзі шешім қабылдап, таңдауын жасады. Жалпы өңірде 493 сайлау учаскесі тіркелген. Оның 125-і Тараз қаласында орналасқан.

Нұрбол Тілепбаев, қала тұрғыны:

Өзімнің Қазақстанға деген үлесімді қосқаныма. Өзімнің Қазақстан деген еліме, өзімнің таңдауымды жасағаныма өте қуаныштымын деген ойдамын. Әрине енді Қазақстанда 19 млн халқымыз бар. 19 млн халқымыздың ішінде, оның 4,5 млны егіздер деген санатта. Мен де сол егізіммен бірге бүгін әділетті Қазақстанға, құру үшін, әділетті Қазақстанды бастау үшін егізіммен бірге дауыс беруге келдім.

ЕҢБЕК АРДАГЕРІ САЙЛАУҒА 10 КЕЛІНІМЕН КЕЛДІ

Қызылорда облысында еңбек ардагері сайлауға 10 келінімен бірге келді. Шиелі ауданына қарасты Ақтоған ауылында тұратын Бақтыгүл Сейітжанова 11 құрсақ көтерген. Әулеттің дәулеті мен сәулетін асырған инабатты келіндер қаз-қатар тізіліп, өнегелі енесінің артынан еріп кезекті саяси шараға белсенді қатысты.

Бақтыгүл Сейітжанова, еңбек ардагері:

– Шүкір, келіндерім қызымдай, ауызбіршілік, ынтымағымыз бар. Немере-шөберелерім бар. Дауыс беріп жатырмыз. Халқымыз аман болсын, еліміз тыныш болысн деп.