Ақмола облысында жүрекке күрделі операциялар жасала бастады

Ақмола облысының кардиохирургтары жүрек-қан тамыры жүйесіне 300-ден астам күрделі операция түрін жасай алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық аурухананың жүрек орталығында ақ халаттылар науқастарға шұғыл жәрдем берумен қатар, жоспарлы операциялар өткізеді. Аймақтағы әріптестеріміз ем қабылдап жатқандардың жағдайын біліп, мамандардың қандай жаңа операция түрлерін тәжірибеге енгізгені туралы біліп қайтты.  Орталықта 30-ға жуық дәрігер жұмыс істейді. Арасында біліктілігі жоғары кардиологтар мен кардиохирургтар да бар. Олар жүрекке ашық түрде күрделі операцияларды жасай береді. Осылайша науқастарға енді ем іздеп Астанаға барудың да қажеті жоқ.

Дмитрий Чайков, көпсалалы облыстық аурухана директорының орынбасары:

– Қазір біз жүректің клапанына туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақауларына пластикалық операциялар жасай береміз. Биыл тіпті Бенталла-Де Боно операциясын меңгердік. Яғни ол клапан аппаратымен қолқа доғасының пластикасына бір мезетте жасалады.

Бұл көп функциялы ангиографиялық кешені бар операциялық рентген бөлмесі. Мұнда мамандар науқастарға нақты диагноз қойылып, тіліксіз шұғыл операциялар жасайды.

Біржан Айтымов, көпсалалы облыстық аурухана бөлімшесінің меңгерушісі:

– Бұл жүректі тексеруде таптырмайтын құрылғы. Оның көмегімен науқасты қалай емдеу керектігін айқындап, тіпті дәрі-дәрмекті таңдауға да көмектесуге болады.

Жүрек орталығында ем қабылдап жатқан жандардың бірі –Зинаида Сарнацкая. Зейнеткердің қазіргі жағдайы жақсы.

Зинаида Сарнацкая, науқас:

Дәрігерлердің арқасында аман қалдым десем болады. Операцияға кезекте тұрған едім. Алғашында мұндағылар Астанаға жолдама берді. Бірақ мен осында қалуды жөн санадым. Қазір денсаулығым бірқалыпты.

Орталықта науқастар операциядан кейін арнайы оңалту курстарынан өтеді. Мұнда дәрігерлер жүректі тез арада қалпына келтіру үшін түрлі кеңес береді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Аслан Әбітәліпов, Виктор Поляный