ШҚО-да үш күннен бері толассыз қар жауып тұр

Өңірде 2 күннен бері қар аршумен күн өткізіп жатыр. 160 ауыр техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар қызметі күн түн демей далада жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құтқарушылар бүгін де біраз адамды қар астынан алып шықты. Құтқарушылар қар құрсауында қалған саяхатшылар мінген автокөлікті түні бойы іздеді. Құтқару операциясы кезінде барынша ширақ қимылдамаса, көлікті қар басып қалуы мүмкін еді. Өйткені соның алдында ғана онда 4 ересек адам мен екі баланың бар екені туралы хабарлама келіп түскен.

Жадыра Аманғалиқызы, облыстық ТЖД басқармасының бас маманы:

– Бұл жерде осы азаматтар құтқарушылардың алдын ала берген дауылды ескертулеріне немқұрайлы қарауы себепті осындай жағдайға тап болды. Қалың жауған қар осы көліктерінің жүруіне өте кедергі келтірген және олар барған жерге тек қана жол талғамайтын көлікпен жету ғана мүмкін болды. Құтқарушылар жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» автокөлігімен келіп жетіп, оларға көмек көрсетті.

Құтқарушылар тұрғындарға ауа райына байланысты ескерту хабарлама түскеннен кейін оған немқұрайлы қарамау керектігін ескертеді. Сондай-ақ жолға шығар алдында ауа райына мұқият зер салу керек. Өйткені таулы жерде өте аз мөлшерде жауған қардың өзі қауіпті. Шығыс Қазақстан облысында 19 қарашадан бері қар борап тұр. Ұзындығы 125 шақырым болатын тау ішіндегі 142 жол бөлігі ерекше бақылауға алынды. Құтқарушылар тарапынан ауа райының қолайсыздығынан жабылған жолдарға шығып кеткендерге әкімшілік айыппұл салу туралы ұсыныс жасалғанымен, нақты бір шешім қабылданған жоқ. Бұл жаңашылдықты депутаттар мен автожолға жауапты комитеттің және ішкі істер министрлігінің өкілдері әлі талқылап жатыр.

Қар тазалау жұмыстары Өскеменде де қызу жүріп жатыр. Жергілікті коммуналдық қызметтер оған қолдағы бар техниканы жұмылдырды. Жүргізушілер жұмыс орнында түнеуге мәжбүр.

Асхат Тәженов, коммуналдық кәсіпорын жетекшісі:

– Қар 19 қараша күні кешкісін 21:45-те жауа бастады. 1,5 тәулік ішінде түскен қардың қалыңдығы 35 сантиметрге дейін жетті. Сол себепті 96 техника мен 100-ден астам маманды шұғыл түрде жұмысқа шығаруға тура келді. 

Ауа райын болжау қызметі берген мәліметке сүйенсек, өңірде қар әлі 5 күн бойы жауады. Өткен қыста Шығыс Қазақстан облысында 60 рет ескерту жарияланды. Биыл көктайғақ кезінде шашылатын 7 мың тонна материал дайындалған. Қар тазалауға арналған 440 техника дайын тұр...

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин