Өскемен тұрғындары құрылыс компаниясынан 308 миллион теңге өндіріп алды

Өскемендік тұрғындар құрылыс компаниясынан 308 миллион теңге өндіріп алды.

Көп қабатты үй 2019 жылы қолданысқа берілген.

Көп ұзамай қабырғасы қақырап, сыртын қаптаған материалы жалбырап, желге ұшқан. Ал сыммен бекітілген пластик құбырлары құлағалы тұр. Сол кезде құрылысқа кінәліні жауапқа тарту мүмкін болмады. Себебі компания лицензиясынан айырылып, өзін банкрот деп жариялаған. Енді үй «Қазақстандық тұрғын үй компаниясының» балансына өткен. Бұдан не өзгереді?

Осыдан екі жыл бұрын бұл жаңа үйдің қаңылтыр қаптамасы желге ұшқан. Жертөледегі жіңішке сыммен бекітілген құбырлардан жиі су ағатын. Сапасыз құрылыс тұрғындардың жүйкесін тоздырып, өміріне қауіпті болды.       

Айнұр Өмірзақова, қала тұрғыны:

- Үстіден ол су ағады. Терезеден жел соғады. Қабырғада отыра алмайсың. Мына бөлмеде бала-шағамен жата алмаймыз шынын айтсақ. Қорқамыз, ауырып қаламыз. Былтыр больницадан больницаға жатып шықтық. Білмеймін қаншама ипотеканы 15 жылға алдық. 100 мыңнана төлеп отырмыз. Әйтеуір далаға кетіп жатқан ақша.

Несиеге белшеден батып, әділдік іздеген тұрғындар кепілдік мерзімі бойынша атқарылатын жөндеу жұмыстарынан үміт үзді. Ақыры әкімдіктің сәулет комиссиясын шақыртып алды. Техникалық қадағалау бірнеше бұзушылықты анықтады. Барлық кем-кетікті мердігерге жүктеу мүмкін болмады. Себебі лицензиядан айырылған фирма бар жауапкершілікті «Қазақстандық тұрғын үй компаниясына» жүктеген. Сотта арыз берушілер өз құқығын қорғап қалды. Қалалық сот компанияның өзіне жауапсыз мердігердің кемшіліктерін жоюды міндеттеді. Керекті сома мүлік иелері бірлестігінің арнайы шотына аударылды. 

Бақытбек Әміренов, қала тұрғыны:

- Үйдің сапасы ол белгілі. Себебін анықтау керек. Себебі бақылаудың жоқтығынан болды. Министерстводағы МИИР-дің құрылыс жөніндегі төрағасының жекеше шақырып тұрмын. Уақыты жоқ болса да келіп, көрісін бәрін көрсетеміз.

Осымен тұрғын үй дауына нүкте қойылды, дейді құрылыс компаниясының өкілдері. Толық жөндеуге бөлінген қаражат қатаң қадағалауда болады.  

Марат Әбдірахманов, "Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ директорының орынбасары:

- Қазір жұмыстар аяқталуға жақын. Қатты аяз болғанша бәрін соңына жеткізіп үлгеруіміз тиіс. Ал қалғанын келер жылға дейін қалдыруға болады.

Қалай дегенмен жаңа үйдің тұрғындарына қысты алаңсыз өткізуі екіталай. 

Данияр Сұлтанұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин