Депутаттар: Зейнетақы қорындағы артылған ақшаны алу үшін шектік соманы азайту қажет

Депутаттар: Зейнетақы қорындағы артылған ақшаны алу үшін шектік соманы азайту қажет

Депутат Аманжан Жамалов бүгін осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол салымшыларды ынталандыратын тәсіл керек деді. Мәселен, инвестициялық табыс инфляциядан асатын болса, азаматтарға сол соманы алуға рұқсат етуге болады. Депутаттың айтуынша, өзге елдер Қазақстанның тәжірибесін зерттеп, іс жүзінде сынап та көріп жатыр. Аманжан Жамалов бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын сынға алды. Өйткені, 2013 жылы барлық жеке қорлардың есеп-шоттарын тиімді басқару үшін, басқару бірыңғай жинақтаушы операторға берілген. Ал ақшаның бір бөлігі нақты экономиканы несиелендіруге жұмсалуға тиіс еді. Арада 9 жыл өтсе де ешбір өзгеріс жоқ – дейді, депутат.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 9 жыл өтті. Бірақ ешбір міндет орындалған жоқ деп айтуға болады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы 12 айдағы табысы 7,5%. Ал инфляция болса 18%-тен асты. Табыс керісінше минусқа кеткен. Ал нақты экономиканы несиелендіруге келер болсақ, бұл жерде де қор ұзақ мерзімді қаржыландыру көзіне айнала алмады. Зейнетақы жинақтары негізінен мемлекеттік облигациялар, банктер мен халықаралық қаржы ұйымдарының құнды қағаздарына салынған.