Елордада сәуір айынан бастап қала тұрғындарын ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен келген азаматтарды да жаппай вакциналау басталды. Сәуір айының басынан бастап шамамен 47 мың адам вакциналанды. Сондай-ақ вакцинацияға тұрғылықты жері бар, жұмыс істейтін және ҚР аумағында тұратын шетелдіктер де жіберілді, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі. Ел тұрғындарын вакциналауды кеңінен қамту үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін артты. ЖМСК ұйымдары үшін жұмыс уақыты 8:00-ден 24:00-ге дейін, СОО-ларда 10:00-ден 22:00-ге дейін ұзарды. Сондай-ақ қаланың екі ірі «Mega Silk Way»және «Хан Шатыр» СОО-да егу орындары ұйымдастырылды. Мысалы, бір аптада «Mega Silk Way» СОО-да 1700-ден астам адам вакциналанды. Екінші сауда-ойын-сауық орталығы «Хан Шатырда» азаматтарды жаппай вакциналау бүгін (19 сәуір) басталды. Жақын арада мұндай пункттер «Керуен» СОО мен «Абу-Даби Плаза» кешенінде де ашылады. Қажет болған жағдайда вакцинация пункттерін қаланың қонақ үйлерінде де ашу жоспарда бар. Халықтың COVID-19-ға қарсы вакцина алу белсенділігінің жоғары болуына байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы көшпелі бригадалар ұйымдастырып, еңбек ұжымдарын жаппай вакцинациялауға кірісті. Түрлі кәсіпорындарда COVID-19 вакцинасын алғысы келетіндердің саны 1000 адамға жетеді. Қала бойынша барлығы 60 мыңға жуық адам вакциналанды.