Қазақстанда Халыққа қызмет көрсету орталықтары болмауы мүмкін

Шамамен 7 жылдан кейін Қазақстанда Халыққа қызмет көрсету орталықтары болмауы мүмкін.

Себебі қазір мемлекеттік қызметтерді цифрландыру белсенді жүріп жатыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі мәлімдеді. Бизнес, IT-саласы және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан жиында қолданыстағы электронды қызметтерді одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды. Бағдат Мусиннің айтуынша, биыл 10 айдың ішінде Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары екі миллионнан астам қызмет көрсеткен. Проактивті формат осы қызметтерді қашықтан алуға мүмкіндік береді. Кеңес беру мобильді қосымшалар арқылы көрсетіледі. Сонымен қатар, қазір QR код арқылы тегін дәрі-дәрмек алу, «Әлеуметтік әмиян», «Отбасының цифрлық картасы» цифрлық жобалары жүзеге асырылуда.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Қазақстанның барлық отбасылары бойынша электронды деректер базасын құрдық. Күн сайын 6 миллион отбасының әл-ауқаты 80 параметр бойынша талданып, жаңартылып отырады. Сол негізінде әр отбасының қандай тәуекелдерге ұшырайтынын көре аламыз. Бұл мұқтаж отбысаларға әлеуметтік көмекті проактивті форматта көрсетуге мүмкіндік береді.