Ақтөбе іргесіндегі ауыл тұрғындары жол мәселесін шешіп беруді сұрайды

Агломерация туралы заң 500 мыңнан астам тұрғыны бар ірі шаһарларға қатысты болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батыс өңірден бұл тізімге Ақтөбе де енген. Алайда облыс орталығындағы бүгінгі ахуал сын көтермейді. Қала аудандары тұрғындары тарапынан коммуналдық желілер мен өзге де инфрақұрылымға байланысты наразылық көп. Соның бірі -  Сазды-2 ауылы. Бес жылға жуық уақыт бұрын жер телімдері үлестірілген елді мекенде әлі күнге дейін қоғамдық көлік қатынамайды, жолға асфальт төселмеген.

Ақтөбенің іргесінде орналасқанымен Сазды-2 ауылы халқы жаңбыр жауса балшық кешіп, қыста қар күреп әлек. Жергілікті билікке бірнеше рет арыз-шағымын айта барған. Бірақ мың жарымға жуық тұрғынның басындағы мәселе әлі күнге шешімін таппаған. Әсіресе мектеп оқушылары мен еңкейген қарияларға оңай емес. Оқтаудай түзу жол болмаған соң қоғамдық көлік ауылдың көшелерін аралаудан бас тартқан.

Алмаш Тілеубаева, Сазды-2 елді-мекенінің тұрғыны:

 - Осы жерде әрбір үйде 5 баладан бала бар. Оның құрығанда 45 оқиды мектепке қатынайды. Мысалы менің үйімде 5 немерем бар, бөлек тұратын тағы 4 немерем бар. Бәріміз осы жерден жаяу шұбырып жарты сағат жүреміз автобусқа дейін.

Ерғали Бижанов, Сазды-2 елді-мекенінің тұрғыны:

- Жаңа ғана күтіп алдым міне қызымды. 1,5-2 км жүріп барасың. Мында деген енді өзіңіз ойлап қараңыз. Ертең қыста қалай болады екен? Жаңбыр жауғанда қалай болады екен? Автобусты мына жерге әкелсе екен. Осы жерді айналып қайта кейін баратын.

Жалпы мұндай жайт соңғы 4-5 жылда пайда болған Ақтөбе маңындағы елді-мекендердің барлығына дерлік тән. Аудан әкімі қордаланған мәселені бір мезетте шешу мүмкін емес дейді. Кезең-кезеңімен коммуналдық желілерін жүргізіп, жолды да ретке келтіру жоспарланыпты. Келер жылы 39 көшеге асфальт төсеу көзделіп отыр.

Айбек Көпенов, Астана ауданының әкімі:

- Биыл жобалау құжаттамасы жасалып болды. Келесі жылдан бастап бір жылдың ішінде салуға тырысамыз. Жол салынған кезде ғана автобус кіріп ішкі кварталмен жүреді маршруттардың барлығы. Жол, тротуар және көше жарығы барлығы бірге түседі.

Ақтөбе агломерациясы аясында шаһар маңындағы бұған дейінгі 5 әкімшілік құрылым жойылып, облыс орталығының құзырына енген болатын. Яғни, селолық округтер қаланың аудандары атанды. Нәтижесінде халық саны да күрт артты. Инфрақұрылым мен коммуналдық жүйе, әлеуметтік салаға үлкен жүк түскен. Ақтөбенің бас архитекторының айтуынша қазір бұл көрсеткіштер өңірдің демографиялық өсім қарқынына ілесе алмауда. 

Сұлтан Аманчин, Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Агломерацияның негізгі қағидаттарының бірі – барлық инженерлік желілілермен қамтамассыз етілу. Сондықтан қазір біз жеке баспана құрылысына жер телімдерін үлестіруді уақытша тоқтаттық. Жоспар бойынша 15-ке жуық елді-мекенді коммуналдық жүйемен қамтамассыз етуіміз керек.  

Қазір сараптамаға жолданған шаһардың бас жоспарына сай Ақтөбе қаласының аумағы 100 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Халық саны да сәйкесінше артуы тиіс. Қазір 612 мың тұрғын болса, 2050-шы жылға дейін бір млннан асады деген болжам бар.