Іле ауданында инфрақұрылымды дамыту жүйесі қарқын алды

Алматымен іргелес орналасқан Іле ауданында халық саны жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

200 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда демографиялық өсім баспанаға деген сұранысты арттырды. Қазір ауданда үй кезегінде 6 мыңға жуық адам тұр. Тұрғын үйге деген сұранысты өтеу үшін биыл алғаш рет 9 қабатты үйлерді салу ұйғарылған. 216 пәтерлі үш үй аудан орталығы Өтеген батыр кентінде бой көтеріп жатыр. Баспана алдымен мұқтаж жандарға, көпбалалы аналарға, ардагерлерге, мүгедектер мен бюджеттік сала қызметкерлеріне беріледі. Кредиттік баспана екінші деңгейлі банктің мемлекеттік бағдарламасы арқылы рәсімделеді. Бұған қоса елді мекенде қажетті инфрақұрылымы жүргізілген коттедждік қалашық пайда болады. Қалашық жанынан театр, мектеп пен емхана салу жоспарланған.

Марлен Қасенов, Іле ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұл үйлердің құрылысы келер жылы мамыр айында аяқталады. Бұған қоса  Боралдай кенті мен «Гэйт ситиде» жеке компаниялар коммерциялық үй салып жатыр. Тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы тартылған.