Ақтөбеде көпбалалы аналар кәсіп ашудың қыр-сырын үйреніп жүр

Екі күндік дәрістен болашақ кәсіпкерлер табысты бизнес бағытын таңдап, жоспар құрып, интернет-дүкен ашу мен әлеуметтік желілерді сапалы жүргізу жолдарымен танысады.

Бұдан бөлек мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері және екінші деңгейлі банктердің қолжетімді несиелері туралы ақпарат алуға болады. Бұл жолы кәсіпкерлік негізі курстарына 25 ана жазылған. Дені іс тігіп немесе бәліш пен торт пісіріп, үйде отырып-ақ азды-көпті нәпақа табады. Кәсіпкерлер палатасының тәлімгерлері шағын істерін тұрақты табысқа айналдыруға көмектеседі.

Индира Ихтиярова, көпбалалы ана:

- Жұмыстан бөлек кешке үйге келген кезде мен пирогтарымды пісіріп сатамын. Шамалы өзімнің жанұяма қаржылай көмек ретінде. Енді соны шамалы үлкейтіп, көбейткім келеді. Сол үшін мен өзім тағы бизнес ашып, сол үшін тренингке қатысып жүрмін. Істеймін деген адамға, еңбек етемін деген адамға нан табылады екен.

Гүлшат Қаңтарбаева, облыстық Кәсіпкерлер палатасының бөлім сарапшысы:

- Екі күн ішінде аналар өздеріне керек мәліметті толықтай алады деп сенеміз. Біздің бөлімімізде заңгерлер бар, тегін қызмет береміз, әрі қарай олардың бухгалтерлік есептерін жүргізіп отыруға мүмкіндіктеріміз бар.