Таразда жаңадан салынып жатқан шағын ауданның жылу жүйесінен ақау шықты

Таразда жаңадан салынып жатқан шағын ауданның жылу жүйесінен ақау шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

15-мөлтек аудан тұрғындары редакцияға хабарласып, жаңа үйлерде жылудың жоқтығын айтып шағымданған.

Айта кетерлігі, мәселе бір емес көпқабатты 5 үйден анықталып отыр.

Гүлнұр Тастанова, қала тұрғыны:

- Үй салқын. Кешеден бері мұздай. Жаурағаннан кейін электр пешін қосып  қосып жатырмын. Бізде қазір жаңадан салынған үйдің барлығы жарық единицамен. Ұрып жатыр.

Гүлнар Тастанова секілді мына көпқабатты үйдің тұрғындары түгелдей қара суықта қалған. Жылыту маусымы басталғанда жылу жүйесі жылымтық болған. Соңғы 2 тәулікте салқын тартқан. Енді 80 пәтерлі үйдің тұрғындары электр қондырғыларын қосып кейбірі газ жағып жылынуда.

Ләззат Дүйсенбай, қала тұрғыны:

- «Насос қоссаңыздаршы, мына көрші үйлердіңбарлығы насос қосты», - дейді. Біз не үшін қосуымыз керек а? Мысалы тұр ғой ескі мирорайондарда. Барлықтарынан жылу жетіп, сонда именно бізге келгенде жылу жетпей қалды ма?

Жылусыз отырғандардың қатарында нөмірі 1024, 1028 бен 1038-көпқабатты үйлер бар. Барлығы кейінгі екі жылда қолданысқа берілген. Тұрғындар жылу жүйесінде проблеманың барын былтыр ескерткен.

Назым Шымырқұл, қала тұрғыны:

- Басты уайым ­- жылу қашан өшеді, қашан су ысиды. Сонша жыл күткен үйімізде қолымызды жылы суға жуа алмай отырмыз. Міне балалар ауырып жатыр. Үйде дәл осылай жүрміз.

Шағын аудандықтардың шағымының жаны бар. Жалпы мөлтек ауданның жылу жүйесінде олқылықтың барын қала билігі растады. Бастапқыда бұл аумақта 60 үй салу көзделген. Бірақ жоспарға өзгерістер еніп, енді 150 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондықтан аз көлемге шақталған жылу магистралі жылуды жеткілікті мөлшерде жеткізе алмауда.

Нұрбол Қалдыбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Мөлтек ауданға келе жатқан теплотрассаны кеңейту жұмыстарын жүргізу керек. Оған енді ауқымды болғандықтан біз республикалық бюджеттен 1 млрд қаражат сұрап отырмыз.

Жаңа ауданның мәселесі мұнымен бітпейді. Жолы мен жарығы, оған қоса кәрізі. Бәрі қосымша қаржыны қажет етіп тұр.

Нұрбол Қалдыбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Подсттанция Бұрылдың шамасы жетпей жатыр. Сол себептен мынау тағы бір подстанция соғайық деп жатырмыз. Жарығы бар, суы бар, канализациясы бар. Соның барлығын есептегенде бір 5 млрд қаражат керек.

Әкімдік жобалық сметалық құжаттама әзірлеп, келер жылға сұраныс жіберген. Енді республика мақұлдаса, құрылыс жұмыстары басталады. Оған дейін бұқара барымен базар қылып, амалдай тұруына тура келеді.