Қарағанды облысында мектептердің тек жартысы бейнебақылау жүйесіне қосылған

Қарағанды облысындағы мектептердің тек 50%-ы ғана Ішкі істер министрлігінің жедел әрекет ету орталығына қосылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұның өзі жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген жұмыс нәтижесі. Жедел уәкілдер мектептердің бейнебақылау құрылғыларын тексеріп, бірқатар кемшілікті анықтаған. Мысалы осы жұмыстарды жүргізуге тиіс қызмет көрсетушіге бюджет есебінен 300 млн теңге бөлінген. Алайда білім ордаларының барлығы бұл жүйеге қосылмаған. Сондай-ақ бақылау камераларының сапасы сын көтермейді. Былтыр Оқу -ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептердегі бақылау камераларын Ішкі істер саласының жедел басқару орталығына қосуды тапсырған. Дегенмен бүгінгі күні облыстағы 600 мектептің, тек жартысы ғана құқық қорғаушылардың бақылау орталығына біріктірілген.

Махат Құспеков, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Полиция департаменті жанындағы жедел басқару орталығында сондай- ақ полиция қызметінің кезекші бөлімдеріне 284 мектептің бейнебақылау жүйесі қосылған. Кей жерде интернет дұрыс жұмыс істемейді, кей жерде техникалық қиындықтар туындап жатады. Сондықтан барлығы түгелдей қосылған жоқ. Біз қазір қызмет көрсетушіге келісім бойынша жылдың соңына дейін барлық мектепті қамтуымыз керек деп талап қойдық.