Қарағанды облысында апатқа ұшырау мен үсіп қалу жиіледі

Қарағанды облысында адам өлімімен аяқталатын жол көлік оқиғаларының саны бірден 50 процентке артты.

Жыл басынан бері облыста 377 апат тіркелсе, ондағы жолаушылардың 170-ке жуығы ажал құшқан. Статистиканың күрт өсуіне  қоғамдық көлік жүргізушілері де үлес қосып жатыр. Еске салсақ, жақында ғана қаланың қақ ортасында екі автобус бетпе-бет соқтығысып, салдарынан 2 адам қаза тапьы. Тағы 18 адам ауруханаға түсті.

Көпір үстіндегі қос қоғамдық көлік соқтығыснан кейін бір жүргізуші қаза тапса, екінші жүргізуші әлі де ауыр хәлде ес-түcсіз жатыр. 18 адамның 8-і де әлі күнге дейін ауруханада ем қабылдап жатқан көрінеді. Қоғамдық көлік апаты қазір Қарағандыда назар аудару керек болып тұрған өткір мәселе. Жақында болған апаттан кейін полицейлер автопарк өкілдерімен қауіпсіздік мәселесі бойынша жұмысты күшейткен.  

Құрманғали Ысмағұлов, облыстық  ПД басшысының бірінші орынбасары:

- Маған екі сауалдың жауабы керек. Бірінші олардың алкоголь немесе есірткі қолданды ма жоқ па дегені ол бойынша экспертиза нәтижесін күтеміз. Екіншісі автобустардың техникалық жағдайы. Оның барлығын автопарк басшылығына шұқып тұрып көрсеткенбіз. Дөңгелектері ескі қыста жүру қиындық тудырады. 

Артур Григорян, автопарк басшысы:

- Көлік тізгіндейтін жүргізушілерге зәр тапсырып, ағзада арақ-шарап, есірткі заттарының бар жоғын анықтайтын тесттер алуды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл күнделікті жүргізілмейді. Арасында ескертпей келіп, сынама алып тұратын боламыз. Ал, автобустар диагностикадан өтіп, техникалық қадағалаудан өтіп тұрады.

Жеңіл көлік жүргізушілері де жылдамдықты асыра жүйіткігенді қоймайды. Бір ғана жеңіл машинада ондаған адамның сығылысып отырып апатқа ұшыраған жағдайлары жиі кездеседі дейді мамандар. Тағы бір мәселе қолда ұялы телефон, құлақта даңғырлаған музыкамен күре жолда «өз әлемінде» кетіп бара жататын жаяу жүргіншілер жайы. 

Талғат Оспанов, облыстық ЖПҚБ басшысы орынбасарының м.а.:

- Қаза тапқандар саны 50 пайызға өсіп отыр. Негізгі түрлер бойынша қала ішінде жаяу жүргіншілерді басып кету, ал республикалық жолдарда қарсы бағытқа шығу мен жол жүру жылдамдығын сақтамау.  

Үсік шалғандар көбейді

Қарағанды облысының травматологиялық ауруханасына өткен айдың басынан бері 44 адам түскен. Қазір 22 адам ем қабылдап жатыр. Тағы 22 адамның жолы болып, жеңіл үсік шалған. Мұнан өзге  6 адамның дене мүшелері ампутацияланған. Үсік шалғандардың көбі үй-күйсіз жүргендер десеңіз қателесесіз.

Ерік Шонбаев, облыстық травматологиялық орталықтың жағдаяттық бөлім жетекшісі:

- Біздің тәжірибеде өте табысты кәсіпкердің көңілді отырыстан шығып, жаяу жүруді қалап, саябақтағы орындықтың бірінің үстіне ұйықтап қалып, үсіп қалған жағдайы кездеседі. Салдарынан ол екі аяқ, екі қолынан айырылды. Көбінесе үсік шалған адамдар ішімдік ішкеннен кейін тоңғанын білмей қалып жатады. Тағы бірде жас  ата-ана сауықтан шығып, 1 жастағы қызының қолында қолғабы болмай үсітіп алған. Абырой болғанда біз бар күшімізбен бүлдіршіннің қолдарын аман алып қалдық.    

Қарағанды облысында соңғы бір аптадан бері түнгілік уақыттарда сынап бағанасы 30 градусқа дейін төмендеп тұр. Ауа райы былтырғы осы уақытпен салыстырғанда едәуір салқын. Сондықтан мамандар тұрғындарға барынша сақтық шараларды қатаң сақтауға кеңес береді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар