Өскемендегі жаңа шағын аудандар үшін қазандық қуаты артады

Өскемендегі сол жағалауда орналасқан жаңа ықшам аудандарды жылумен қамтамасыз ететін қазандықтың қуатын барынша арттыру көзделіп отыр.

Бұл жоба алдағы жылы жүзеге асады. Станцияға екі жаңа қазандық қою арқылы жылу энергиясын өндіру көлемі екі еселенеді. Шығыс Қазақстан облысының орталығына қазірдің өзінде сағатына 300 гигакалория жылу энергиясы жеткіліксіз. Қаланың басты жылу электр орталығын да жаңғыртудан өткізу қажет. Онда алдағы уақытта турбогенераторлар ауыстырылады. 16-қазандықты іске қосу мәселесіне байланысты әлі күнге дейін нақты бір шешім қабылданбады. Қазандық агрегатын монтаждау жұмыстары 2025 жылы жүзеге асырылуы мүмкін. «Жалпы құны 100 миллион доллардан асатын жобаны жүзеге асыру мерзімінің кешеуілдеуіне технологиялық қондырғылардың дер кезінде жеткізілмеуі кедергі », - дейді мамандар. Сондықтан кіші қазандықты қайта жабдықтау жұмыстары облыстық бюджет қаржысы есебінен жүзеге асады.

Асхат Букатов, Өскемен жылу жүйелерінің техникалық директоры:

- Бүгінге дейін онда К-50 деп аталатын 4 бу қазандығы мен су жылытуға арналған бір құрылғы орнатылды. Болашақта тағы осындай екі қазандық іске қосылады. Олардың әрқайсысының қуаттылығы 50 гигакалориядан. Қазандықты қайта жөндеу жұмыстары жаңадан салынып жатқан ықшам аудандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.