Екібастұзда жаңа жылу трассасы салынады

Екібастұздағы коммуналдық апаттың салдарын жою жедел штабы жаңа жылу трассасы салынатынын мәлімдеді.

Қатып қалған құбырларды жамап жаcқауға уақыт кетіргенше жаңасын салу тиімдірек көрінеді. Жаңа құбырды тартуға бес сағат кетеді -дейді штаб мүшелері. Ал ескі желіні қалыпқа келтіруге бір тәуліктей уақыт қажет.  Бұл ұзақ уақыт бойы жылусыз қалған 17 апатты үйдің проблемасын шешеді. Жаңа құбырдың ұзындығы 120 метр. Атап өту керек, кеншілер шаһарында ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Апаттық-құтқару жұмыстары түнгі ауысымда да жалғасып жатыр. Қазір 20 подъезді көп қабатты үйдің алтауында жылу жоқ. Ол Мәшһүр көшесіндегі 52-үй.                      

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:

- Туып отырған тағы бір мәселе бар. Қосымша табылды. Мына 5-микрорайонда орналасқан жылу желісінде. Енді оны қалыпқа келтіру үшін бізге 200 метрге жуық 426 мм трубаны орнату қажет. Оны орнату оңай жұмыс емес. Біраз уақытты талап етеді. Құрылғыны біз жер астымен емес жер үстімен өткізетін боламыз. Жер үстімен жүргізілетін желіні біз амандық болса 5 сағатта аяқтауды  жоспарлап отырмыз.

Олег Крук, облыс әкімінің міндетін уақытша атқарушы:             

- Материал бізде жеткілікті. Бұл іске түнделетіп кірісейік деп жатырмыз. Монтаж жұмысы түні бойы жалғасады. Құбыр желісі жердің үстінде орналасады. Кез келген уақытта тоқтатуға және қайта іске қосуға ыңғайлы болады.