Елімізде ұшақ саны артады

Қазақстандық әуе компаниялар 2025 жылға дейін ұшақ сатып алмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Олардың арасында Америка Құрама штаттарына тоқтаусыз ұшатын 3 лайнер болады. Ведомство басшысының айтуынша, жыл сайын саяхатқа шығатын қазақстандықтар саны артып келе жатыр. Сол себепті елде ұшақтардың тапшылығы байқалады. Осы орайда әуе компанияларына қойылатын талаптар күшейтілмек. Олар ұшақ паркін ұлғайтып қана қоймай, жолаушылар алдындағы барлық міндетін атқаруы тиіс. Ал бұл талаптарды орындамайтын кәсіпорындар қатаң жазаланады.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Жаздыгүні ұшақтардың кешігуі көбейіп кетіп, халықтың наразылығын туғызды. Сол себепті біз заң бойынша осындай бұзушылықтар болмасын деп, заңды да қатайттық. Апта сайын айыппұл салдық. Бүгін қайтадан осындай мәселелер шығып отыр. Ол тікелей әуе компанияның міндеті. Олар тамақ, қонақ үй беру керек.