Алматыда алдағы жексенбі күні айтулы бокс кеші өтеді

Алдағы жексенбі күні Алматыда айтулы бокс кеші өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеңіліп көрмеген Жанқош Тұраров испаниялық Луис Энрике Ромеромен  чемпиондық белбеуге таласады. Дәл осы күні ережесіз жекпе-жектің мықтысы Арман Әшімов кәсіпқой бокстағы дебюттік жекпе-жегін өткізеді. Бұлардан бөлек  қазақ жастары да шаршы алаңға шығады. 

Кәсіпқой боксқа ерте жастан келген Жанқош тынымсыз еңбегінің арқасында жұртқа ерте танылды. 25 рет шаршы алаңға шыққан Тұраровқа ешкім қарсы тұра алмады. Жанқош чемпиондық белбеуге жақын тұрған. Алайда келісілген жекпе-жектер ковидтің кесірінен кейінге қалып, уақыт өте берді. Енді міне үлкен жекпе-жектерге жол ашатын тағы бір тамаша мүмкіндік туып отыр. Бокс кешін, әйгілі DAZN стримингтік сервисі тікелей трансляцияда көрсетеді. Бұл беделді спорт платформасының еліміздегі алғашқы эфирі.

Жанқош Тұраров, кәсіпқой боксшы:

- DAZN деген білесіздер 200 мемлекеттің қатарындағы үлкен телевизиялық платформа. Сондықтан қазір бүкіл әлем қарайды. Бүкіл ел қарайды жұрт қарайды. Осыдан кейін алла қаласа IBO-ның әлемдік додасына шығуға ниет етіп отырмыз. Соған бір қадам жақындау ғой.

Шаршы алаңда 5 рет жеңілген демесеңіз Жанқоштың бұл жолғы қарсыласы Луис Энрике осалдардың қатарынан емес. Жазда Максим Продан есімді мықтыны есінен тандырған Энрике әлеуметтік желі арқылы Жанқошқа сәлем жолдапты. Қысқасы құлатамын деген. Ромероның осал емес екенін Тұраровтың бапкері де біліп отыр.

Сағатбек Мұсаханов, жаттықтырушы:

- Өте мықты боксер. Оның айтқаны өзіне жарасады. Өйткені ол үлкен додаларда үлкен бәсекелерде өзінің жаңағы жақсы ойынын көрсеткен бала. Өйткені DAZN телевидениесі ол баланы алғаннан кейін мен ойлаймын осал қарсылас емес.

Тәжірибелі Тұраров қарсыласының қоқан лоқысын елеп отырған жоқ. Сөзбен емес бәрін шаршы алаңда іспен дәлелдеймін дейді. 

Жанқош Тұраров, кәсіпқой боксшы:

- Шетелдің спортшылары бәрі сол ғой енді айтады. Біз қазақ енді кішкене  тартынып сөйлейміз ғой не болсада. Артық кетпейік деп. Білесіз ғой бокс деген артық кетпейтін спорт. ММА сияқты емес. Бір-біріне сыйластық бар бұл жерде. Сондықтан өзімнің джентельмендік қасиетімде қала берейін.

Дәл осы күні атақты Арман Әшімовте шаршы алаңға шығады. Сондай ақ, жерлесіміз Ангелина Лукас Танзания үкілеген Лулу Каягемен қолғап түйістіреді. Қызықтан құры қалғыңыз келмесе жексенбі күні Алматы Аренаға асығыңыз.