Ақмолалық шаруалар бизнесті дамытуға 30 млрд теңге алды

Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» ақмолалық ауыл шаруашылығын өндірушілерді қолдауға 30 миллиард теңге бағыттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар қомақты қаржыға шаруашылықтарын кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын ашты. Кейбірі тіпті ірі тауарлы сүт фермасын іске  қосты.

Бұл Бурабай бөктерінде орналасқан «Қоянды Агро» шаруа қожалығы. Қазір мұнда 300-ден астам ірі қара бар. Серіктестікке қарасты ферма айына жетпіс тонна сүт өндіруге қауқарлы. Жеңілдетілген несие арқылы бөлінген 200 млн теңгеге ақмолалық шаруа мал басын көбейтіп қана қоймай, техникалық базасын жаңартқан.

Әділет Ахметов, «Қоянды-Агро» шаруа қожалығының жетекшісі:

- Осы суммаға біз Чехия мемлекетінен мал әкелдік. Және де оны күтіп, бағу үшін жем-шөптерін дайындайтын  арнайы техникалар сатып алдық. Сүт сауу залын ашып, барлық керекті заттарды алдық.

Шаруа қожалығының иесі алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді көздейді. Симменталь тұқымды малдың тағы бір партиясын сатып алмақ. Сөйтіп, сүт өндірісін айына жүз елу тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Мұндай бастамаларды «Аграрлық несие корпорациясы» әрдайым қолдайды.

Абзал Кенжеахметов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақмола облыстық филиалы бөлімінің басшысы:

- Шаруашылықтар үшін несие мерзімінің маңызы зор. Яғни, несие сомасын бағдарлама түріне қарай 10, 12, 15 жылға бөліп төлеуге мүмкіндік бар. Шаруалардың жүктемесі азаяды. Несие мерзімі ұзақ болғандықтан, сол уақыттың ішінде олар мал басын біршама көбейтіп алады.

Жеңіл несиенің көмегімен өңірде он сүт фермасы ашылды. Бұл аймақтың ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін берді.