Риддердің жылу станциясындағы төтенше жағдай шенеуніктердің салғырттығынан болды

Шығыс Қазақстанда Риддер қаласындағы жылу станциясындағы төтенше жағдай шенеуніктердің салғырттығы салдарынан болды.

Атап айтқанда ҚР​ энергетика Министрлігінің облыстық департаментіндегі жауапты қызметкерлер, жағдайдың ушығатынын сезе тұра, нақты іс әрекет етпеген.

Дабыл қағып, тиісті органдарға хабарламаған. Керісінше​ «жылу мекемесінде барлығы жақсы» деген анықтамаларды жинақтап, тіпті «қыс маусымына дайын»- деген де тұжырым жасаған. Осылай ете тұра департамент өкілдері бір де бір рет Риддердегі жылу электр орталығына бармаған.Бұл туралы бүгін аймақ басшысы  Даниал Ахметов мәлімдеді.

Риддер жылу электр орталығынан шыққан ақау салдары жеңіл болған жоқ. Бір​ мезетте бүтін бір қазандық цехі істен шықты. Күн райы бұзылып,аяз да күшейіп кетті. 60 мыңға жуық​ халқы бар кеншілер қаласы әп-сәтте әбігерге түсті.Облыс басшылығына жедел әрі ұтымды шешім қабылдауға тура келді. Соның арқасында ғана қазір жағдай тұрақталды. Алайда Риддердегі апат аяқ асты болды деуге келмейді. Демек, айыптылар жазасыз және жауапсыз қалмауы тиіс. Бүгінгі жиында аймақ әкімі ​ Энергетика министрілігінің өңірлік департаменті басшысына өзекті сұрақтарды төтесінен қойды. Алайда тұшымды жауап болмады. 

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

- Сіз қазандықтардың мүшкіл халін білмегенсіз бе? Неге мемлекеттік қызметкер ретінде өз міндетіңізді атқармадыңыз? Неге өз Министріңізге хат жолдап,басқа да құзырлы органдарды хабардар етпедіңіз? Неге дабыл қақпадыңыз? Жалпы Риддердегі​ жылу станциясын тексеру туралы прокуратураға арызданып көрдіңіз бе?

Бірақ салалық департамент басшылығы жылу электр орталығына «әкімшілік жаза» рәсімдеп қана отыра берген. Станцияның қысқа әзірлігі туралы ​ мәліметтерді де қайта тексеріп, көз жеткізбеген. 

- Вы знали о том, что ТЭЦ находится в критическом состоянии? 

Еркебұлан Сергебаев, ҚР Атомдық​ және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті ШҚО департаментінің басшысы:

- Біз білген жоқпыз. 4 және 5-қазандықтар туралы жағдайды олар бізден жасырыпты. Ол туралы әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы ондай 3 хаттама рәсімделді.

Ақыры осындай бейғамдық салдарынан қарайған халық жапа шекті. Бүтін бір қалада техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Сол себепті өңір басшылығы өз міндеттеріне аса ​ салғырттық танытқан мамандар жауапқа тартылу керек деп санайды.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов