Оралдық Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Гапич алдағы жылы 100 жасқа толады

Жеңісті жақындатқан майдангер әлі тың, қаланың қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Ғасыр жасаған қария бұйырса өткен өмір жолын хатқа түсіріп, кітап шығармақ ниетте, деп хабарлайды «Хабар 24».

Иван Степанович қонақтарын әркез осылай қуанышты көңіл-күймен қарсы алады. Сосын өмір белестерінен сыр шертетін ақ-қара түсті фотсуреттерді ұсынады. Сұрапыл соғыстағы сындарлы сәттер, бейбіт күндегі басқосулар, үйленген кездері, бәрі де осы көнерген кадрлерде. Қария осыдан тура 77 жыл бұрын Мәскеудегі әскери шеруге (парадқа) қатысқан күнін ерекше сезіммен еске алады. Ол өрімдей шағында майданға аттанды. От пен оқтың ортасында жүріп, қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Кенигсбергті азат етуге атсалысты. Жеңісті Берлинде қарсы алды. Соғыстан кейін кейіпкеріміз Алматы заң университетін тәмамадап, Қарағандыда прокуратура органында еңбек жолын бастады.

Иван Гапич, соғыс ардагері:  
- 1966 жылы сол кезде облыс прокуроры болған Смағұловтың шақыруымен осы өңірге келдім. Содан 1987 жылға дейін Орал, кейін Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болып істедім. Кейін зейнетке шықтым. 

Прокуратура органында аттай 35 жыл еңбек етті. Осы жылдарда аса қиын да күрделі  істердің ақ-қарасын айыруға тура келді. Мұндай шулы істердің көбі болашақ құқық қорғаушыларға арналған оқулықтарға еніпті. 

Иван Гапич, соғыс ардагері:  
- Ең қиын іспен Оңтүстік Қазақстан облысында жүргенде кездестім. Бұл химфарм зауытынан 67 келі морфин ұрлау дерегіне қатысты еді. Адам сенгізісіз жәйт. Ол істі тіпті Одақ прокуроры өз бақылауында ұстап отырды.

Иван Гапичтың өнегелі өмір жолы ізбасар әріптестеріне әркез үлгі. Сондықтан болар, батысқазақстандық прокурорлар әр жолғы кәсіби мерекесін ардагерді құттықтаудан бастайды.

Александр Цуранков, облыс прокурорының бірінші орынбасары:
- Біз Иван Степановичты әркез мақтан тұтамыз. Оның өткен өмір белестері, жиған тәжірибесі кейінгі толқынды тәрбиелеуде аса маңызды деп білемін. Ардагер ағамыздың ғибратты ғұмыры барша құқық қорғау жүйесінің абыройы мен ар-ожданы іспетті. 

Қазір қария өткен өмір жолын хатқа түсіріп жатыр. Бұйырса, енді екі айдан соң 100 жасқа толамын. Мерейтой қарсаңында өмірден көрген-білгенім мен түйгенімді кітап етіп шығармақ ниетім бар,- дейді майдангер.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов